Е.Ыдырысов «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобының қызметін қалпына келтіру қажеттілігін атап өтті

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Ауғанстанның мемлекеттілігін дамыту және нығайту ШЫҰ-ның жауапкершілігіне кіретін аймақтағы тұрақтылықтың басты факторларының бірі болып қалып отыр.

Е.Ыдырысов «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобының қызметін қалпына келтіру қажеттілігін атап өтті

Осыған байланысты, Қазақстан Ауғанстанның Ұлттық бірлігі Үкіметі мен халықаралық қауымдастықтың елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша күш салуына қолдау білдіреді. Бұл туралы Мәскеуде ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өткен «ШЫҰ аймағындағы қауіпсіздік пен тұрақтылық» атты жоғары деңгейдегі конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлімдеді.

Е.Ыдырысовтың пікірінше, аталған бағыттың басты мақсаты - Ауғанстанды аймақтағы саяси, экономикалық, сауда және трнанзиттік айналымға қайтару.

Осыған байланысты ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы әріптестерінің назарын «ШЫҰ-Ауғанстан» Байланыс тобы құрылғанына 10 жыл толуына қарамастан, қандай да бір күрделі жетістіктердің жоқ екеніне аудартты. Министр «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобының қызметін қалпына келтіру қажеттілігі мен жаңа қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлердің пайда болуын ескере отырып, оның жұмысының нақты тақырыбын анықтау қажеттілігін атап өтті.