«Е-жедел жәрдем» жобасы санитарлық көліктердің жетіспеушілігі мен дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешті
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елордада «Е-жедел жәрдем» бірегей медициналық қызметтер жобасы санитарлық көліктердің жетіспеушілігі мен дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешті, сондай-ақ жедел шақырулар қызметі жұмысының сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл туралы astana.kz сайтына Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.
Үстіміздегі жылдың І тоқсанында вирустық инфекцияға шалдығу оқиғалары көбейгендіктен көліктер мен дәрігерлердің жетіспеушілігі өткір сезілді. Соның салдарынан «103» пунктіне келіп түскен шақырулар саны 23%, балалардың ауруға шалдығу жағдайлары 16% артқан. Осыған орай, дәрігерлер пациентке кешігіп барып жүрді. Сондықтан кадрларды қабылдау жұмысы күшейтілді.
2013 жылдың 8 айында 92 маман (27 дәрігер, 65 ОМҚ) жұмысқа қабылданды. Айта кетейік, инновациялық жобаны енгізуге орай науқасқа жетудің орташа уақыты 3,9%, GPS-навигатор мен IP телефонның көмегімен диспетчерлік кідіру уақыты 6,5% қысқарды.
Сонымен қатар, халық саны артып, жаңа үйлердің салынуынан қызмет көрсетілетін аумақтың ұлғаюына қарамастан GPS-навигацияның арқасында бензин шығыны азайып, санитарлық машиналардың жүрісі кеміді. Медицина қызметкерлері электрондық анықтамалықты пайдалана отырып, қайта шақырулар санын 96%, диагноздардың сәйкес келмеу жағдайларын 63,3% жақсарта алды. Жансақтау әдістерінің тиімділігі 2 есеге артты. Қазіргі уақытта планшет құрылғылары жетілдірілді, ыңғайлы жұмыс жасау және аға диспетчерлердің бригадалардың жұмысын үздіксіз бақылап отыруы үшін қайта жаңартылды. Бұдан басқа, келесі тақырыптар бойынша дәрігерлер мен фельдшерлерді оқытуға баса назар аударылады: ересек адам мен балаға шұғыл көмек көрсету тактикасы (BLS курс), бала тууды бақылау, акушерліктегі шұғыл жағдайлар, жарақат алған кездерде шұғыл көмек көрсету алгоритмі.
2013 жылдың қаңтар-тамыз айларында жедел жәрдем қызметінің 178 медицина қызметкері, соның ішінде 86 дәрігер, 92 фельдшер оқытылды. Бұдан басқа, 2013 жылғы сәуір айынан бастап халықаралық стандарттар бойынша санитарлық көліктердің жүргізушілері парамедиктердің оқуын оқып жатыр. Бүгінгі таңда 132 жүргізуші оқуды тәмамдады.
Еске салайық, «Е-жедел жәрдем» инновациялық жобасы «Smart Astana» («Ақылды қала») тұжырымдамасы аясында 2011 жылғы желтоқсан айынан бастап қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының базасында қолға алынған болатын.