ЕАӘК ІІІ қауіпсіздік форумы Орталық Азиядағы және Еуропадағы мемлекеттердің ынтымақтастығын дамыту үшін қажет - Дания СІМ

АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Астанада өтетін Еуро-Атлантикалық әріптестік кеңесінің (ЕАӘК) ІІІ қауіпсіздік форумы Орталық Азиядағы және Еуропадағы барлық мемлекеттердің ынтымақтастығын дамыту үшін қажет.

ЕАӘК ІІІ қауіпсіздік форумы Орталық Азиядағы және Еуропадағы мемлекеттердің ынтымақтастығын дамыту үшін қажет - Дания СІМ

Бұл туралы бүгін елордада ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжинмен кездесуінен кейінгі брифингте Данияның Сыртқы істер министрі Пер Стиг Меллер мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Ертең  НАТО ұйымына қатысушы елдердің арасында үлкен кездесу өтеді. Дания НАТО-ның мүшесі болып табылады. Бұл Орталық Азия өңірінде өтетін өте маңызды оқиға. Өйткені, бұл форум Орталық Азияға және Еуропаға кіретін барлық мемлекеттердің ынтымақтастығын дамыту үшін аса қажет», - деді брифингте Пер Стиг Меллер.

 Оның айтуынша, Орталық Азия мен Еуропа елдерінің лаңкестікке қарсы күресінде бұл форум маңызды рөл атқарады. 

 Данияның Сыртқы істер министрі ретінде Орталық Азия өңіріне бірінші рет келіп отырғанына тоқталған ол: «Дания мен Қазақстан арасындағы екі жақты қарым-қатынастың әлеуеті өте зор. Мен бүгін Алжир лагерін барып көрдім. Онда айтылған әңгімелерден Қазақстанның үлкен нәубетті басынан өткергенін түсіндім. Сонымен бір мезгілде, мен бұл елдің болашағы жарқын болады деп санаймын», - деді.

 «Қазақстанның 2010 жылдан бастап  ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасайтынын Дания белсенді қолдайды. Еуропа елдерімен ынтымақтастық тұтастай алғанда Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан үшін де өте маңызды. Бұл ЕҚЫҰ үшін де маңызды. Бұл төрағалық Қазақстанның қоғамды демократияландыру бағытында, адам құқығы саласында дамып бара жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді», - деп атап өтті Пер Стиг Меллер.