ЕАЭО-да кәсіпкерлеріміз «астыртын» кедергілерге тап болып отыр - Тоқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы кедергілерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ЕАЭО-да кәсіпкерлеріміз «астыртын» кедергілерге тап болып отыр - Тоқаев

«Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығының тиімділігін барынша қамтамасыз ету және кедергілерді толығымен жою, Одақ нарығындағы тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін айналымындағы шектеулерді барынша қысқарту арқылы бизнес пен тұтынушыларға арналған мүмкіндіктерді кеңейту - негізгі бағыттардың қатарында. Соған қарамастан, әлі күнге дейін мүше мемлекеттер тарапынан серіктес елдердің мүдделері ескерілмей, өз ішкі нарықтарын қорғау мақсатын көздейтін шаралар орын алуда. ЕАЭО аясында еркін саудаға айтарлықтай тосқауыл болып отырған түйткілдердің қатарында өзара сауданы жүзеге асыру, тауарларды транзиттеу және ішкі нарыққа қол жеткізу кезіндегі қиындықтар, жекелеген тауарлардың әкелінуіне шектеу қою мәселелері, жергілікті билік органдары тарапынан жасалатын кедергілер бар. Декларациялауды талап ететін кедендік шекаралардың болмауына қарамастан, кәсіпкерлеріміз бірқатар «астыртын» кедергілерге тап болып отыр», - деді Қ. Тоқаев Сенатта ЕАЭО-дағы Қазақстанның сауда саясатын іске асыру мәселелері туралы Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдай сыртқы саудаға теріс әсер етеді, бизнес қоғамдастығының еуразиялық интеграцияға деген сенімсіздігін тудырады және интеграцияның дамуына қиындықтар келтіреді.

«Әлемдік қаржы және тауар нарықтарында орын алып отырған тұрақсыздық, санкциялық текетірестер Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық әлеуетіне теріс ықпал етіп отырғаны анық. Бұл мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық саясатын үйлестіру жұмысын оңтайландыруды талап етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.