ЕАЭО-да отандық дәрі-дәрмек өндірушілердің өнімдерін қолдау керек - Жандос Бүркітбаев
АСТАНА. KAZINFORM – Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде отандық дәрі-дәрмек өндірушілердің өнімдерін қолдау керек Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев айтты.
«Өңірлердегі медициналық ұйымдардың мемлекеттік сатып алу процессін цифрландырсақ, 2025 жылы отандық өндірістің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан келесі шұғыл шараларды қабылдасақ, отандық өндірістің жедел дамуына мүмкіндік болады», - деді вице-министр.
Осы орайда ол бірінші шара ретінде Қаржы министрлігінің «Электрондық қаржы орталығы» цифрлық форматта дәрі-дәрмекті сатып алу процесстерін цифрландыру жұмысын жылдамдату керектігін айтты. Екіншіден, медициналық ұйымдардың отандық дәрі-дәрмектерді сатып алу үлесін көбейту үшін өңірлердің даму жоспарында әкімдіктерге сатып алу бойынша индикаторды бекіту қажет. Үшіншіден, дәрі-дәрмектердің ұлттық тіркеу құжаттамаларын ЕАЭО құжаттарына сәйкес келтіру және осы елдерде отандық дәрі-дәрмек өндірушілердің өнімдерін қолдау керек.
«Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі стратегияны одан ары қалыптастыру үшін және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында тиісті мемлекеттік органдардың, бизнестің және қауымдастықтардың қатысуымен ведомствоаралық комиссия құрылды және тиісті жұмыстар жүргізілуде. Министрлік отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту бағытында жұмысты жалғастырады», - деді Жандос Бүркітбаев.