ЕАЭО елдері импортты бақылайтын Ұлттық қадағалау жүйесін құрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Мәжілісте Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігі бойынша келісімді ратификациялау туралы заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлихан Смайылов айтып өткендей, келісімге 2019 жылы 29 мамырда Нұр-Cұлтандағы Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ЕАЭО мүше мемлекеттер басшылары қол қойған.

«Келісімнің негізгі мақсаты - тауарлар айналымын тиімді бақылау, заңсыз айналымды анықтау, салықтан жалтару жағдайларын жою, бюджетке түсетін салық пен кеден төлемдерін ұлғайту. Келісімнің ережелері ЕАЭО кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігін құру мерзімдері мен тәртібін регламенттейді. Қадағалау импорттық тауарлар бойынша жүзеге асырылады. Қадағалауға жататын тауарлардың тізбесін ЕЭК кеңесі бекітеді», - деді заң жобасын таныстырған Әлихан Смайылов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, қадағалау мерзімі бес жылды құрайды. Әрбір мемлекет өзінің Ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет. Сондай-ақ, өздерінің салық төлеушілерінің ілеспе құжаттарының осы жүйеде рәсімделуін бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Құжаттарды мұндай рәсімдеусіз ЕЭАО шеңберінде тауарлардың тасымалдануына тыйым салынады.

«Келісімде Кеден одағына мүше мемлекеттер арасында қадағалау жөніндегі ақпарат алмасу бойынша талаптар айқындалған. Мұндай алмасу ЕЭАО интеграцияланған ақпараттық платформасы арқылы тұрақты түрде жүзеге асырылады. Құрметті депутаттар, тауарлар айналымын қадағалау тетігін енгізу 2025 жылға дейін ЕЭАО цифрлық күн тәртібін іске асыру үшін негізін қалаушы міндет болып табылады. Келісімді ратификациялаудан кейін 12 ай өткен соң барлық мүше-мемлекеттер пилоттық жобаны іске қосады. Пилоттық жобаның қортындылары бойынша қадағалау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне көшу туралы шешім қабылданады», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар