ЕАЭО елдері жалпы ішкі нарықтағы кедергілерді жоюы қажет -Тоқаев

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – ЕАЭО-да кейде ұлттық нарықтарда өзінің тауар өндірушілерін қорғау маңызды сипатқа ие болып жатады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мемлекеттер жалпы ішкі нарықтағы кедергілерді жоюы тиіс. Бұл мәселені біз бір емес, бірнеше рет талқылап, бүгінгі отырыстың да едәуір бөлігін осы сұрақтарға арнағалы отырмыз. Біз еркін сауда айналымы үшін қажетті нормативті базаны жасадық. Бұл – жетістік. Алайда іс жүзіне келгенде ұлттық нарықтарда жеке жағдайларда өзінің тауар өндірушілерін қорғау талап-тілегі – интеграцияның мақсаты мен міндеттерден маңызды сипатқа ие болып кетіп жатады. Әртүрлі сараптамалар, аймақтық деңгейдегі қосымша талаптар, жасырын нұсқаулар беру мәселесі бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев жиында.

Президенттің айтуынша, мұндай шектеулердің енгізілуінің БАҚ көздерінде жариялануы жағдайды тіпті ушықтырып бара жатыр.

«Осылайша, интеграцияға жеткілікті дәрежеде сенім білдірілмей келеді. Мұндай тәжірибе ешкімнің оң жамбасына келмейтініне, біздің интеграцияға қайшы келетініне келісетін боларсыздар. Комиссия ұлттық заңнамаларға мониторинг жүргізу құралдарын күшейтіп, ақпараттандырудың тиімді механизмін әзірлеп, ЕАЭО ішінде қолданыстағы құқықты дұрыс түсіндіруі тиіс», - деді Қазақстан Президенті.

Айта кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы «Хабар 24» арнасында тікелей эфирде көрсетілді.

Армения астанасында Жоғары экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Арменияның Премьер-министрі Николай Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысуда.

Соңғы жаңалықтар