ЕАЭО елдеріне ортақ валюта туралы тіпті талқылаудың қажеті жоқ - ЕЭК мүшесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграция және макроэкономика бойынша коллегия мүшесі Татьяна Валовая Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге ортақ валюта енгізу жайын неліктен талқылаудың өзі артық екенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ЕАЭО елдеріне ортақ валюта туралы тіпті талқылаудың қажеті жоқ - ЕЭК мүшесі

«Әлбетте, экономикалық одақ туралы келісімді даярлаған кезде біз өз саясаттарымыз қай тұрғыдан келісілу керектігі туралы көп пікір таластық. Макроэкономикалық салада келісілген саясат болуы керек пе, әлде бізге ортақ валюта керек пе деген секілді көптеген ой-пайымдар болды. Біз еуропалық әдісті өте жіті зерттеп, олардан қарапайым ғана бірнеше шешім шығардық. Ең біріншіден, интеграциялану - өте бұралаң да күрделі жол. Біз барынша мығым бірлесе жұмыс жүргізген жағдайда да, еуропалық жолды қайталаудың қажеті жоқ. Себебі, экономикалық одақты бірінші бастағандар біршама көп қателіктерге жол береді», - дейді Татьяна Валовая елордада өтіп жатқан «АХҚО және ЕЭК: серіктестік көкжиегі» атты панельдік отырыста.

Оның айтуынша, Еуропалық одақтың жағымды тәжірибесінен бөлек, ЕАЭО олардың қателіктерінен де сабақ алуы керек.

«Бұл тұрғыда еуропалық тәжірибені өте жіті зерттей келе біз - ортақ валюта туралы сөз қозғау әлі ерте екенін, тіпті «ол туралы айтудың қажеті бар ма?» деген шешімге келдік. Неге? Біз өзіміздің экономикалық құрылымдарымызды сараптадық. Біздің экономикалық құрылымдардың Еуропалық одақтан айырмашылығы көп. Мәселен, өзара сауда-саттықтың үлесі бізде 14,5 пайыз екенін айта кету керек. Ал Беларусь секілді елде бұл көрсеткіш сауда-саттықтың 50 пайызын құрайтынын ескеру керек. Себебі, Қазақстан мен Ресей әлемдік энергия өндіру тұрғысында айтарлықтай салмақты ойыншылар. Ал Еуропа одағында өзара сауда-саттықтың үлесі 66 пайызға жетеді. Демек, Еуропа одағы елдерінің кәсіпкерлері бірыңғай валютаны енгізе отырып, біршама қаражатын үнемдеп қалды. Осыны ескере отырып, біз ортақ валютаны енгізуге асықпау керектігін, тіпті бұл тақырыпты талқылаудың қажеті жоқ екенін түсіндік», - дейді ол.