ЕАЭО елдерінен 15 мың адам БЖЗҚ-ға зейнетақы жарнасын аударды
Айта кетейік, 2019 жылғы 20 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімге қол қойылды. 2020 жылғы 7 желтоқсанда ҚР «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданып, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
«ЕАЭО елдерінің азаматтары басқа мүше мемлекеттерде еңбек қызметін жүзеге асыруы кезінде, оларды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін құқықтық реттеу, жұмыс күшінің жүріп-тұру жолында осыған дейін болған кедергіні жоюға мүмкіндік берді және еңбек қызметін заңдастыруға қосымша ынталандырып отыр. Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері еңбек қызметін жүзеге асырған мемлекеттің азаматтары сияқты зейнетақымен қамсыздандыру құқығына ие болды», - делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.
ЕАЭО-ға қатысушы әрбір ел еңбек етушіге оның аумағында жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы төлеуге (экспорттауға) міндеттенеді. Зейнетақыны ЕАЭО-ның басқа елінде тұратынына қарамастан, еңбек етуші өзінің еңбек қызметін жүзеге асырған ЕАЭО-ға мүше мемлекет төлейтін болады.
Қазақстанда Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган ретінде БЖЗҚ белгіленді.
Келісім аясында Қазақстанда ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің еңбек етушілеріне жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдері жүзеге асырылатын болады. Өйткені олар елімізде тұрақты тұратын азаматтармен және шетелдіктермен тең жағдайда биылдың басынан БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын Қазақстанның ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен аударуды жүргізуде.