ЕАЭО елдерінде электронды қызметтерге жеңілдетілген салық енгізіледі
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды қабылды, деп хабарлайды Kazinform.
«Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары өткен жылдың 9 желтоқсанында Бішкек қаласында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды. Бүгінгі таңда бұл хаттаманы 4 мемлекет ратификациялады. Жалпы осы хаттаманы ратификациялау Қазақстан Республикасының стратегиялық басымдықтарына сәйкес келеді. Қазіргі уақытта Салық кодексінде Қазақстан Республикасының аумағында тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын шетелдік компаниялардан қосылған құн салығын алу тетігі мен тәртібі көзделген. Алайда, жаһандық тенденцияларға байланысты резидент еместер көрсететін көптеген қызметтер электронды түрде көрсетіледі де оларды жүзеге асыру орнына байланысты емес», - деді заң жобасы туралы баяндаған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Оның атап өтуінше, мұның бәрі қызмет көрсету орнын және ҚҚС қай жерде есептелу керектігін анықтауды қиындатады. Осыған байланысты хаттамамен бірқатар тың норма ұсынылады.
«Электрондық қызметтер» ұғымы енгізілді. Мұндай қызметтерге ақпараттық-телекоммуникациялық желі (электр байланысы желісі, интернет) арқылы көрсетілген қызметтер жатады. Қызметтер тізімі нақтыланды. Атап айтсақ, 14 қызмет анықталды. Мысалы, билеттерді, қонақ үйлерді броньдау, бағдарламаларды ұсыну және тағы басқалары. Электрондық қызмет көрсету орны анықталды. Жоғарыда аталған тізбеден электрондық нысандағы қызметтер бойынша ҚҚС түпкілікті елдің қағидаты бойынша, яғни қызметті түпкілікті тұтыну орнында алынатын болады. Бұл электрондық қызметтер үшін ҚҚС төлеу орнын белгілеу жөніндегі дауларды болдырмауға және бюджетке қосымша қаражат түсуге ықпал ететін болады», - деді ол.
Министрдің айтуынша, жаңа механизм ЕАЭО-ның барлық мемлекеттері ратификациялағаннан кейін ғана іске қосылады. Хаттаманы ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.