ЕАЭО елдерінің өндірістік әлеуетін жүзеге асыру 600 млн адамды тамақтандыруға мүмкіндік береді – Қазақстан Президенті
ЕАЭО елдерінің өндірістік әлеуетін толыққанды жүзеге асыру 600 млн-ға адамды тамақтандыруғе мүмкіндік береді. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Өздеріңіз білетіндей, соңғы кездері жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне климаттың өзгеруі, саяси және экономикалық тұрақсыздық, халықаралық жеткізу тізбегінің бұзылуы сияқты факторлар кері әсерін тигізуде. Әлемде аштық пен азық-түлік тапшылығына тап болған адам саны 830 млн-ға дейін өсті. Бұған қоса, БҰҰ 2050 жылға қарай Жер шары халқының саны тағы 2 миллиард адамға өседі деп болжайды. Сарапшылардың бағалауыша, ЕАЭО елдерінің өндірістік, ресурстық және экспорттық әлеуетін толыққанды іске асыру шамамен 600 млн адамды тамақтандыруға мүмкіндік береді. Және де бұл болжамдар өте шынайы», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда соңғы бес жылда ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімінің көлемі екі еседен астам өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты екі есе артып, 6 млрд долларға жетті.
«Біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі. Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде 2022 жылы Қазақстан 113 елдің ішінен 32- орынға ие болды», - деді Мемлекет басшысы.