08:57, 20 Ақпан 2018 | GMT +5
ЕАЭО-ға цифрлық бастамаларды онлайн ұсынуға болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) цифрлық мәселелері аясында бастамашылар (кәсіпкерлер немесе мемлекеттік билік органдары өкілдері) ұсынатын және жүзеге асырылатын бастамалар немесе жобалар туралы ақпараттарды ұсыну үлгісін бекітті, деп хабарлайды ЕЭК баспасөз қызметі.
Бастамашы өтініш білдіру үшін таяу күндері іске қосылатын Одақ порталындағы арнайы Интернет-ресурсқа тіркелуі қажет. Бастамашы 11 ақпараттық блоктан тұратын онлайн-үлгіні толтыруы тиіс. Әр блокта бастаманың маңыздылығы, оның зерттеу деңгейі, болжалды шығынның құны, интеграциялық бағдарлау туралы сұрақтар қамтылған.
Бастамашы ары қарай өз өтінішінің ағымдағы жағдайын бақылай алады.
Комиссия цифрлық бастамаларды ұсыну үшін бизнес, консорциум, Одақ елдерінің билік органдарын шақырады. Олардың мақсаты - мүше мемлекеттердің экономикасын дамыту.