ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында мемлекеттік сатып алуға қатысу жеңілдетіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

заң
Фото: freepik.com

Заңның мақсаты – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында банк кепілдіктерін өзара тану үшін құқықтық негіз құру. Бұл өнім берушілердің ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында мемлекеттік сатып алуға қатысуын жеңілдетуге және оңайлатуға мүмкіндік береді.

- Заңның негізгі міндеттері – ЕАЭО-ға мүше басқа елдің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін бір елдің резидент банктері берген банк кепілдіктерін пайдалануды қамтамасыз ететін құқықтық нормаларды белгілеу арқылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында қол қойылған Келісімді іске асыруды қамтамасыз ету. Заң осындай кепілдіктер бере алатын банктерге қойылатын талаптарды, сондай-ақ банк кепілдіктерінің тізілімін жүргізу тетіктерін айқындайды, - делінген Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің ақпаратында.

Келісімді ратификациялау ЕАЭО-ға мүше бір елдің әлеуетті өнім берушілерінің мүше басқа елде өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұзақ мерзімді және тұрақты негізде мемлекеттік сатып алу саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ЕАЭО мен БАӘ еркін сауда келісімі бойынша келіссөздерді аяқтады.

 

Соңғы жаңалықтар