ЕАЭО келесі саммиті Санкт-Петербургте өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 2026 жылдың желтоқсан айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтеді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.
Бүгін Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында V Еуразиялық экономикалық форум өтті. Оған әлемнің 44 елінен шамамен 3 мың адам қатысты.
Форумның іскерлік бағдарламасына 30-ға жуық іс-шара енді. Негізгі тақырыптар ЕАЭО-дағы интеграциялық процестердің ең өзекті әрі сұранысқа ие мәселелеріне арналды.
– ЕЭФ-2026 аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Еуразиялық экономикалық одақ елдері көшбасшыларының ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауы болды. Бұл құжаттың маңыздылығы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның 2026 жылы одақ органдарына төрағалық етуіне орай ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына жолдаған үндеуінде атап өтілді. Құжат ЖИ технологияларын ұлттық басымдықтар мен цифрлық егемендікті ескере отырып қолдануға бағытталған, – деді Б. Сағынтаев елордада БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Сонымен бірге, форум аясында өзара іс-қимылдың түрлі бағыттары бойынша бірқатар меморандумдар, келісімдер мен хаттамаларға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспарлары бекітілді.
Айта кетейік, ЕАЭО елдері жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.