ЕАЭО-на мүше барлық елдерді бір деңгейге көтеру керек - Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЕАЭО-на мүше барлық елдерді бір деңгейге көтеру керек. Бұл туралы «МИР 24» арнасына берген сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.
«Мен мемлекет (КСРО - ред.) ыдыраған күннен бастап, біздің елдер арасындағы көп жылғы байланыстарды үзбеуге үндеп келдім. Иә, біз барлығымыз тәуелсіз мемлекетті құра бастадық, егемендік алдық, әркім өз жолымен кетті, әркімнің өз саясаты бар. Бірақ кәсіпорындар арасында өндірістік қарым-қатынастар болды, онсыз өмір сүруге болмайды. Өндіріс бірден тұралап қалды. Сонымен қатар адами қарым-қатынастар болды. Біреулердің балалары өзге мемлекетте оқып жатты, біреулердің туыстары басқа елде тұрып жатты. Осы байланыстар үзілмес үшін, жаңа ұйымды құру шешімі жасалды», - деп атап өтті Елбасы ресейлік арнаға берген сұхбатында.
Президенттің айтуынша, алғашында құрылған ТМД ұйымы көп құжаттарды қабылдады, дегенмен ол байланыстарды нығайтуға қауқарсыз еді. Себебі мемлекеттер келісімшартқа қол қоюға да, қоймауға да құқылы болатын. Сонымен қатар әрбір мүше мемлекеттің әралуан саясаты да игі іске кесірін тигізіп жатты.
«Біреулері елде қалған өндірісті тоқтатып қойса, басқалары өзге жолмен кетті, үшіншілері тіпті үшінші бағытты таңдады. Осының барлығын біріктіру мүмкін емес еді. Сол кезде ұсыныс туды: бұдан да терең ықпалдастық құрсақ қайтеді. Бұл жұмыс істейтінін барлығына көрсетейік. Осы мақсатта Еуразиялық экономикалық одақ құрылды», - деп еске алады Н.Назарбаев.
«Жалпы, менің ойымша, бұл дұрыс бағыт. Мен оны сынамаймын. Тауар айналымы табиғи себептерге байланысты төмендеді. Бірінші - Батыстың Ресейге қарсы санкциялары, екінші - біздің экспорттық өнімдеріміз: мұнай, газ, металл, тыңайтқыш сияқты тауарларымыздың биржалық бағалары төмендеді. Демек, біздің мемлекеттер арасындағы тауар айналымның төмендеп кетуі - табиғи процесс. Дегенмен өндірістік тауар айналымның физикалық көлемі азайған жоқ, олар төмендеп жатқан жоқ. Сондықтан аталмыш конъюнктура түзелген кезде және біз әлемдік ахуалға бейімделе түскен шақта, ол жұмыс істеп кетеді», - деп жалғастырды Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бірлестіктің пайдасы мол. Біріншіден, кедендік кедергілер жоқ. Тауарлар еш бөгеліссіз, еш қиындықсыз бір елден, екінші елге өте алады. Бірлескен кәсіпорындар Ресейде, Беларусьта және өзге де мемлекеттерде құрыла алады.
«Бұл жақсы, бірақ мәселе басқада: ЕАЭО барлық мүшелерін бір деңгейге көтеру керек. Бірі даму жағынан озып кеткен болса, екіншісі орташа, үшіншісі тіпті қалып қойған. Проблема осында. Бізге жан-жақты жұмыс істеу үшін деңгейімізді сәйкестендіріп алған жөн», - деп түйді ойын Нұрсұлтан Назарбаев.