ЕАЭО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру өзекті – Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА.KAZINFORM — ЕАЭО-ның әлемдік сын-қатерлерге төтеп беретін әлеуетін күшейту керек. Бұл туралы бүгін елордадағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

м
Фото: Ақорда

Президент бұл күндері Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысымен қатар, Еуразиялық экономикалық форум да өтіп жатқанын еске салды. Осы орайда форумның қорытындысы сан қырлы іскерлік серіктестікке тың серпін беретініне сенім артты.

- Еуразиялық экономикалық одақ макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Болжамға сай, 2026-2027 жылдары ЕАЭО елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнім өсімі 2,5 пайызға жуықтауға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, былтыр ЕАЭО елдері арасындағы тауар айналымы 95 млрд доллардан асқанын айтты. 

Мемлекет басшысы халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтағы жағдайға берген бағасы көңіл көншітпейтінін жеткізді. Халықаралық валюта қорының баяндамасына сәйкес, биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін баяулайтыны жөнінде айтылып жүр. 

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзіндегі құрылымдық өзгерістер ЕАЭО-ның экономикалық дамуына да әсер етпей қоймайтынын атап өтті. Қазіргі сәтте ЕАЭО-ны жаңа жағдайларға бейімдеу, ішкі орнықтылықты нығайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте өзекті міндет болып тұр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды.