ЕАЭО-ның серіктестер аясы кеңейіп келеді - Армения Премьер-Министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың серіктес мемлекеттерінің аясы кеңейіп келеді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысында Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ЕАЭО-ның серіктестер аясы кеңейіп келеді - Армения Премьер-Министрі

«Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалық ету мен үшін үлкен мәртебе. Биыл Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес екі мерейтойды атап өтеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, бұл өте маңызды оқиға. ЕАЭО біздің елдеріміздің бизнесі мен экономикасы үшін барлық жаңа мүмкіншіліктерді аша отырып, жоспарлы түрде дамып келе жатқандығын атап өткен орынды. Еуразиялық экономикалық одақтың халықтық серіктестері арасындағы шеңбер де кеңейіп келеді», - деді Армения Үкіметінің басшысы.

Оның дерегінше, таяу уақытта ЕАЭО мен Иран арасында ерікті сауда туралы шарт күшіне енетін болады. Қытай Халық Республикасымен ақпарат алмасу туралы шартқа қол қойылған. Вьетнам, Сингапур, Мысыр, Сербия мемлекеттерімен қарқынды келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Осынау келіссөздер процесі біздің экономикамыз бен бизнесімізге жаңа мүмкіншіліктер аша отырып, нақты нәтижелерге алып келетіндігінен үміттенемін», - деді Армения Премьер-Министр.

Сонымен қатар ол Еуразиялық экономикалық одақты құру ісіндегі ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін айрықша атап өтті.

«Мен осы интеграциялық жобаны құрудағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша рөлін тағы бір атап өткім келеді. Осыдан 25 жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы еуразиялық интеграция идеясын ұсынды және 5 жыл бұрын идея жүзеге асырылды. Армения Үкіметінің мақсаты - Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамытуға жұмыс істеу. Оны біздің халықаралық серіктестер үшін барынша тиімді әрі барынша тартымды жасау. Бүгінгі біздің шешімдеріміз дамуға септігін тигізеріне сенімім мол», - деді Никол Пашинян.