ЕАЭО пен Вьетнам арасында еркін сауда туралы келісім жасалады - Сенат
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.
Онда депутаттар «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Құжат алдағы уақытта палатаның жалпы отырысына шығарылмақ.
Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, келісім зияткерлік меншік нысандарына құқықты қорғау жөніндегі тараптардың міндеттерін нығайтады. Бұдан бөлек, құжат тараптар арасындағы орнықты даму, электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастық бағыттарын айқындайды.
«Келісім тараптар арасындағы сауданы реттеудегі өзгерістер туралы алдын ала хабарламалар алмасуды қарастырады. Бұл техникалық, санитарлық реттеу шараларына жауапты мемлекеттік органдар мен кеден қызметтері арасындағы тығыз ынтымақтастықты қалыптастыру бағытында маңызды болып табылады. Сонымен қатар, келісім Дүниежүзілік сауда ұйымының еркін сауда аймақтарын қалыптастыру туралы нормаларын есепке ала отырып әзірленген. Құжат Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасындағы сауда байланыстарын күшейтуге ықпал ететін болады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, Вьетнам елімен жасалған келісімшарт күшіне енгеннен соң елдер арасындағы кедендік баж алынып тасталады. Ал бұдан республикалық бюджеттің жоғалтатын шығыны импорт деңгейін 2014 жылғы көрсеткішпен есептегенде шамамен 458 млн. теңге болуы ықтимал.
«Алайда, ондай шығындардың орны сыртқы сауда қызметтеріне қазақстандық қатысушылардың корпортивтік табыс салығы түріндегі бюджет түсімінің артуы есебінен өтелетіні күтіледі. Яғни, алдағы уақытта Вьетнам елімен импорттық-экспорттық баждар алынып, бұл еліміздегі тауарлардың экспортын арттыруға да мүмкіндік береді», - дейді Т. Жақсылықов. Оның айтуынша, қазіргі таңда Вьетнамнан келетін импорт деңгейі қазақстандық экспорт ауқымынан сәл ғана асады. Алдағы уақытта қазақстандық экспорттың басымдығын астық пен ұн, сиыр еті құрауы мүмкін.