ЕАЭО тілдеріндегі анықтамалық сөздік жарық көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерінде жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері» деп аталатын орыс-армян-белорус-қазақ-қырғыз-ағылшын тілдеріндегі анықтамалық басылым-сөздік Мәскеудің «Языки народов мира» баспасынан жарық көрді.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағында ресми танылған мемлекеттік тілдердегі құжаттар мен декларацияларда жиі кездесетін 3000-ға жуық сөздер мен сөз тіркестерінен құралған бұл еңбек мемлекеттік тілді қолдану мәдениетін арттыруда, қоғамдық-саяси өмірімізге, заң шығармашылығына қатысты терминдер мен сөз тіркестерін ретке келтіруде, нормативтік-құқықтық актілердегі ұғымдарды біріздендіруде ЕАЭЫ ұйымына мүше мемлекеттерде осы бағытта бұрыннан атқарылып келе жатқан игі істердің табиғи жалғасына айналары сөзсіз.
Айта кететін жайт, Еуразиялық экономикалық комиссияның Одақтың нормативтік актілерін аудару бөлімі әзірлеген бұл еңбек ТМД кеңістігінде көп тілді форматта жарық көріп отырған алғашқы сөздік болып табылады.
Сөздікте іс қағаздарын жүргізу кезінде практикада жиі қолданылатын сөздердің молынан қамтылуы өз саласы бойынша осы бағытта жұмыс істейтін мамандарға, ресми органдардың қызметкерлері мен БАҚ өкілдеріне мол көмегін тигізетіні күмәнсіз.