EasyJet Франция мен Португалиядағы ереуілдерге байланысты жүздеген рейсті тоқтатуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM- EasyJet әуе компаниясы Франция мен Португалиядағы қызметкерлер ереуіліне байланысты алдағы апталарда жүздеген рейсті тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды BILD.

Авиакомпания EasyJet
Фото: pexels

Басылымның мәліметінше, бортсеріктер 2–6 қазан және 19–23 желтоқсан аралығында, яғни демалыс күндері жұмысқа шықпайтынын мәлімдеген. Тек қазан айында осыған байланысты жоспарланған 500 рейс тоқтатылуы мүмкін. Алайда нақты қай рейстердің тоқтатылатыны әзірге белгісіз.

Компания өкілі BILD-ке берген түсініктемесінде жағдайды жіті бақылап отырғанын айтты.

— Біз жағдайдың қалай өрбитінін мұқият бақылап отырмыз. Рейске өзгеріс енгізілген жағдайда, жолаушыларға тікелей хабарлаймыз, — деді ол.

Ереуілге португалиялық Sindicato Nacional do Pessoal de Voo da Aviação Civil (SNPVAC) кәсіподағы бастамашы болып отыр. Кәсіподақ жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді.

Кәсіподақтың мәлімдеуінше, жұмыс кестесі жиі өзгертіледі, ал ұжымдық келісімдер сақталмайды. Сонымен қатар қызметкерлер жетіспегендіктен, жұмысшыларды қосымша жұмыс істеуге мәжбүрлеу үшін қысым көрсетіледі.

Ал компания кәсіподақтың талаптарын орындау мүмкін емес екенін мәлімдеді. EasyJet өкілдерінің айтуынша, компанияның борт қызметкерлері қазірдің өзінде Португалиядағы орташа деңгейден айтарлықтай жоғары жалақы алады.

EasyJet мәселені өзара келісім арқылы шешу үшін келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Манчестер әуежайындағы ұшу-қону жолағында ақау пайда болып, рейстер кешікті.