Эбола індеті бар болуы мүмкін деген жолаушы үшін Прага вокзалының жартысы жабылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Чехия астанасы Прага қаласының жедел полиция қызметі Ганадан келген бір жолаушы Эбола безгегін жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен орталық вокзалдың жартысын жапты, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
«Вокзалда Ганадан келген бір адамның бар екені және оның ауырып тұрғаны туралы хабар жетісімен, біз бірден кірістік. Оқиға орнына құтқарушылар жіберілді. Елдің бас санитары да мәселені бақылауына алды», - деді астаналық полиция өкілі Андреа Зоулова.
Бұған дейін Нигерияда болған, Чехияда курортты Карловы Вары қаласында демалып жатқан тағы бір адам сенбі күні жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Оның диагнозы әлі анықталған жоқ.