Эбола індетіне байланысты Қазақстанның барлық әуежайларында санитарлық бақылау жүргізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде Эбола індетінің таралуына байланысты шетелден келіп жатқан азаматтарға қатысты санитарлық-карантиндік бақылау Қазақстанның барлық әуежайларында жүргізілуде. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына Ұлттық экономика министрлігі жауап бере отыра хабарлады.

Эбола індетіне байланысты Қазақстанның барлық әуежайларында санитарлық бақылау жүргізілуде

«Республиканың барлық әуежайларында халықаралық рейстер жасалады. Осыған байланысты шетелден келіп жатқан азаматтарға қатысты санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр», - делінген министрлік мәліметінде.

Атап айтқанда Эбола дертінің негізгі белгілерін (дене қызуын) анықтау үшін әуежай ғимараттарында арнайы құрылғылар арқылы келіп жатқан жолаушылардың қызуын өлшеу шаралары жүргізілуде.

Белгілі болғандай, жыл басынан бері мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде 1,7 млн. адам (жолаушылар, экспаж мүшелері) тексерілген. Олардың арасынан инфекциялық аурулардың белгілері анықталмады.

«Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе Батыс Африка елдеріне баруға виза алған азаматтарға мониторинг жүргізуде», - деді министрліктегілер.

Айта кетейік, Африканың батысында, яғни Гвинеяда, Либерияда, Сьерра-Леоне мен Нигерияда биыл Эболадан кем дегенде 2,1 мың адам көз жұмды.