EcoQolday іске қосылғаннан бері 23 мың тонна қалдық қайта өңделді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу үдерісін жеңілдетуге бағытталған EcoQolday мобильдік қосымшасы 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қолданысқа енгізілді. Жобаны «Жасыл даму» акционерлік қоғамы іске асырды.

Экоқолдау
Фото: Экология министрлігі

Платформа арқылы жеке және заңды тұлғалар шыны, қағаз, картон, пластик қаптама мен пленканы өткізуге онлайн өтінім бере алады. Бұл — қалдықтарды қабылдау мен өткізудің ашық әрі цифрландырылған форматы.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, үкімет қалдықтың әрбір түріне арнайы өтемақы мөлшерлемесін бекіткен:

  • қағаз қалдықтарының 1 келісі үшін – 45,61 теңге;

  • шыны қаптаманың қалдықтары – 57,25 теңге;

  • полимерлі қаптама – 71,76 теңге;

  • жеңіл және жүк шиналары – 53,08 теңге.

EcoQolday арқылы қалай жұмыс істеуге болады?

  1. Қосымшаны жүктеп, тіркелу қажет;

  2. Қалдық өткізуге өтінім қалдырылады;

  3. Жинаушылардан ұсыныстар қабылданады;

  4. Келісім жасалып, қалдық тапсырылады.

Қосымша Google Play және App Store платформаларында қолжетімді.

EcoQolday — Орталық Азияда баламасы жоқ экологиялық жоба. Қазіргі таңда платформада 64 компания, 38 жинаушы, 17 қайта өңдеуші және 9 толық циклді кәсіпорынмен келісімшарттар жасалған.

Қосымша іске қосылған сәттен бері 23,4 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді. Оның ішінде:
– қағаз қалдықтары – 18,0 мың тонна,
– шыны – 5,1 мың тонна,
– пластик – 0,3 мың тонна.

Мамандардың айтуынша, бұл жоба еліміздегі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, Қазақстанға экологиялық қауіпті шиналар заңсыз тасымалданған.

Соңғы жаңалықтар