Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған заң талаптарын түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Парламентіндегі Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин палата отырысында қабылданған заң талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды.

Келісім Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы мен жұмыс істеуі мәселелерін реттейді.

«Бүгін жалпы отырыста екі заңды қабылдадық. Төтенше жағдайларға қатысты құжатқа тоқталсақ, 2013 жылы 17 мамырда Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасында төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін алдын алу мақсатында тиісті келісімшарт жасалған еді. Келісім 2014 жылы ратификацияланды. Одан кейін екі мемлекеттің келісімшарты аясында Алматыда арнайы орталық құрылды. Сондықтан бүгін қабылданған заң сол орталық пен Қазақстан арасындағы өзара келісімді білдіреді. Себебі аталған орталықтың халықаралық мәртебесі бар. Оның негізгі мақсаты – төтенше жағдайлар мен зілзаланың қауіп-қатерін алдын алу. Бұл орталықтың тисті мақсатын, қызметін есере отырып, осы қадамдарды заңмен реттедік», - деді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, аталған орталық 2016 жылдан бастап жұмысын жалғастырып келеді. Осы уақыт аралығында біраз жоба іске асырылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин орталық жұмысына қатысты түсінік берді. Қазіргі кезде Орталық серіктестермен бірлесіп, зілзалалар қаупін азайту мен төтенше жағдайлар саласында 60-тан астам зерттеу, талдамалық, әдістемелік әзірлемелер, оқу-әдістемелік, ақпараттық және есептік материалдарды әзірлеп, Орталықтың сайтында орналастырды.

Министрдің атап өтуінше, 2016 жылдан бастап Орталық өңір мемлекеттерінің төтенше ведомстволарымен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, зілзалалар мен төтенше жағдайлардың қаупін азайту саласында, оның ішінде атқарушы агенттік ретінде 30-дан астам бағдарламалар мен жобаларды іске асырды және іске асыруды жалғастыруда. 11 жоба Қазақстан Республикасының дамуына тікелей үлес қосады.

Айта кетейік, Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясы апта сайын ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысын тікелей эфирде көрсетуге мүмкіндік береді. Интерактивті ресурс қазақстандықтардың әлеуметтік өміріне әсер ететін мәселелер мен қоғам талаптарын талқылау бойынша, заң шығару процесіне қатысты мәлімет таратады. Тікелей эфир күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қамтып, Jibek Joly журналистеріне депутаттық корпустың жұмысына қатысты сенімді ақпаратты телекөрерменге live форматында жедел жеткізуге жол ашады.


Соңғы жаңалықтар