Эдвард Мунктің картинасы рекордтық сомаға сатылды

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Норвег суретшісі Эдвард Мунктің «Айқай» деп аталатын картинасы рекордтық бағаға - 119,9 миллион долларға сатылды, деп хабарлады Agence France-Presse.

Эдвард Мунктің картинасы рекордтық сомаға сатылды

Мунктің суретін норвегиялық Петтер Олсен сатуға шығарды, оның әкесі суретшінің досы болған. Сатып алушының аты-жөні хабарланған жоқ.

Сауда басталар алдында картинаның құны 80 миллион долларға бағаланған болатын. Оның бағасы 12 минуттің ішінде 119,9 миллион долларға дейін өсіп шыға келді. Бұл аукцион тарихындағы бейнелеу өнері жәдігерліктеріне қойылып отырған ең жоғары рекордтық баға.

Норвегиялық экспрессионист Мунктің «Айқай» деп аталатын сериядағы суреттері бейнелеу өнері тарихында жақсы танымал. Суретші бұл топтамасын 1893-1910 жылдарда салған болатын.

Бұған дейін Пабло Пикассоның «Жалаңаш әйел, жасыл жапырақтар және мүсін» атты картинасы 2010 жылы 106,5 миллион долларға сатылған еді.