ЕЭК Алқасының қазақстандық мүшелері ауысты
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жабық режімдегі отырысы барысында ЕЭК алқасының қазақстандық жаңа мүшелері сайланды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Кездесуде Тимур Сүлейменов мен Нұрлан Алдабергеновтің жаңа лауазымға тағайындалуына байланысты ЕЭК Алқасының екі мүшесінің өкілеттігі тоқтатылды.
Жаңа мүше Тимур Жақсылықовтың құзыретіне экономика және қаржы саясаты мәселелері кіреді, ал Марат Құсайынов бәсекелестік және монополияға қарсы ден қою мәселелерімен айналысады.
Еске салсақ, Бішкекте «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Қырғызстанның төрағалығымен ЖЕЭК отырысы өтуде. Кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Ресей, Молдова президенттері қатысты.
Жақсылықов Тимур Мекешұлы 1968 жылы дүниеге келді. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін (1993) тарихшы мамандығы бойынша; Саяси зерттеулер институтының (Страсбург қаласы, Франция) магистратурасын (1997) еуропалық зерттеулер саласындағы магистр мамандығы бойынша; Қазақ экономика және қаржы институтын (2003) экономист мамандығы бойынша бітірген.
1993-1996 жылдары - Қазақстан Агротехнологиялық университетінің атқарушы директоры, 1997 жылдан - ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің бас маманы, бөлім бастығы, 1998 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сектор меңгерушісі, 1999 жылдан - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының сектор меңгерушісі, 2002 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің Жүйелі зерттеулер орталығы басшысының орынбасары, 2003 жылдан - ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі департаментінің директоры, 2004 жылдан - Женевадағы Дүниежүзілік сауда ұйымының мәселелері жөніндегі ҚР Индустрия және сауда министрлігі өкілдер тобының басшысы. 2005 жылдан - ҚР Сыртқы істер министрлігінің Швейцар Конфедерациясындағы ҚР тұрақты өкілдігінің 1-ші хатшысы, 2006 жылдан - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» РМК бас директоры, 2007 жылдан - «Астананы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС директоры, Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры м. а., директоры, 2008 жылы Астана қаласы әкімінің экономика және қаржы топтамасы бойынша орынбасары, 2014 жылғы тамыздан бастап ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болды.
Құсайынов Марат Апсеметұлы 1965 жылы 27 қаңтарда туған. 1988 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы бойынша, 1997 жылы - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Ұлттық Жоғары мектебін «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша оқып бітірді.
Еңбек жолын 1988 жылы Қызылорда қалалық атқару комитетінің аппаратында бөлім нұсқаушысы болып бастады. 1997 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде ақпараттандыру бөлімінде макроэкономикалық талдау және ақпарат секторының консультанты, одан кейін жинақтау талдамалық бөлімінің консультанты болды. 2000 жылдың тамызынан бастап Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің аппаратында 2002 жылдың желтоқсанынан бастап Департамент директоры лауазымында еңбек етті. 2006 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, 2010 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда вице-министрі, 2014 жылғы тамыздан бастап Экономика және бюджеттік жоспарлау бірінші вице-министрі болып тағайындалды.