Эфиопия сайлау қарсаңында адам құқықтарына қатысты сынға ұшырап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — 1 маусымда Эфиопияда жетінші ұлттық сайлау өтеді. Алайда елдегі ішкі қақтығыстар мен адам құқықтарының жаппай бұзылуына байланысты сарапшылар сайлаудың заңдылығына күмән келтірді, деп хабарлайды Al Jazeera.

эфиопия
Фото: pixabay

2018 жылы билікке келгеннен кейін премьер-министр Абий Ахмед демократиялық реформалар жүргізуге уәде берген еді. Дегенмен кейін елде ұзаққа созылған қарулы қақтығыстар басталды.

Тыграй, Амхара және Оромия аймақтарындағы қақтығыстар салдарынан жүздеген мың адам қаза тауып, әскери қылмыстар мен сотсыз жазалау фактілері тіркелген.

Билік тарапынан қысым күшейіп, журналистер, құқық қорғаушылар мен оппозиция өкілдері елден кетуге немесе түрмеге қамалуға мәжбүр болған. Сарапшылар сөз бостандығы мен бейбіт жиналу құқығының едәуір шектелгенін атап өтіп отыр.

Халықаралық қауымдастық Эфиопияны нақты реформалар жүргізуге және саяси диалогты күшейтуге шақырады. Мамандардың пікірінше, негізгі азаматтық құқықтар қамтамасыз етілмесе, алдағы сайлау тек формалды шара ретінде бағалануы мүмкін.

Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Тайе Ацке-Селассиені Эфиопияның Ұлттық күнімен құттықтап, Эфиопия — Қазақстанның Африка құрлығындағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі екенін айтты.