Егде жастағы адамдарда қатерлі ісік баяу дамиды – онколог

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қатерлі ісік жастарға қарағанда қарт кісілерде баяу дамиды. Бұл туралы Kazinform тілшісіне алматылық онколог айтты. 

Егде жастағы адамдарда қатерлі ісік баяу дамиды – онколог
Фото: turantimes.kz

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының стратегиялық және инвестициялық даму бөлімінің меңгерушісі Алма Жылқайдарованың айтуынша, бұл қатерлі ісік ауруының классикалық түрлеріне ғана тән.

– Егде жастағы адамдарда қатерлі ісік баяу дамиды. Өйткені, қарт кісілерде қатерлі ісіктің классикалық түрі жиі кездеседі. Бұл ұзақ дамиды. Яғни, жасы ұлғайған адамдарда обыр ауруы басқа дертінің асқынуынан немесе жас кезіндегі жарақатынан пайда болуы мүмкін. Мысалы, егде жастағы науқастарда сүт безі және тері қатерлі ісігі, простата обыры ағзада ұзақ уақыт дамиды және қашықтағы метастазсыз біртіндеп өседі, - дейді дәрігер.

Сондай-ақ ол жас ағзада жасушалардың бөліну жылдамдығы тез жүретінін тілге тиек етті. 

– Иә, өкінішке қарай, жастарда классикалық форма емес. Сондықтан метастаздар пайда болып, қатерлі ісік тез өседі. Адамдарда біз әрқашан біле бермейтін басқа да факторлар бар, бірақ жастарда көбіне қатерлі ісіктің агрессивті формалары кездеседі. Сол себепті ерлер мен әйелдерді жыл сайынғы диспансерлеуді 18 жастан бастау керек. Бұл ағзадағы қатар жүретін ауруларды ғана емес, сонымен қатар онкологиялық аурулардың дамуын ерте анықтап, оны тоқтатуға көмектеседі, - дейді Алма Жылқайдарова.

Осыған дейін қазақстандықтар қатерлі ісіктің қай түрінен жиі көз жұматыны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар