«Егемен Қазақстан» газеті атауын латыншаға ауыстырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің атауы латын әліпбиіне ауыстырылады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Төл жаңа жылымыз - Наурыз мерекесі қарсаңында оқырмандарымызға бірқатар жақсы жаңалықтар әзірлеп отырмыз. Наурыздан бастап, газет атауын латын әліпбиімен шығарамыз. Газеттің күнделікті 12 беті 16 бетке көбейеді және жаңа қосымшалармен аптасына бір рет 24 бет шығару жоспарланып отыр», - деді басылым басшысы.
Дархан Қыдырәлі сондай-ақ брифинг барысында тұтас газетті латын әліпбиіне көшіру туралы журналистер сұрағына жауап берді.
«Биыл газеттің атауы ғана латын қарпіне өзгереді. Тұтас газетті көшіру үшін Елбасы жарлығымен құрылған латын әліпбиі жөніндегі Ұлттық комиссияның шешімін күту керек. Себебі, тек қана латын әліпбиін қабылдау жеткіліксіз, оның емле-ережесін бекіту керек. Кірме сөздер қалай жазылатынын бекіту керек. Жалпы латын әліпбиіне көшуге «Егемен Қазақстан» газеті дайын, себебі бұдан 70 жыл бұрын, 30-40-жылдары басылым латын қарпінде жарық көрген. Сондықтан, газетті толық көшіру еш қиындық туғызбайды», - деп жауап берді ол.
Сонымен бірге, Дархан Қыдырәлі «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық мерейтойына дайындықтың басталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Егемен Қазақстан» газетінің 1919 жылдан бергі барлық нөмірлерін сканерлеп, электронды форматқа көшіру және таңдаулы мақалалардың 10 томдық жинағын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Егемен Қазақстан» газеті алғаш рет 1919 жылы «Ұшқын» атауымен жарық көре бастады. Әр жылдары басылымды Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары басқарды. Газет өз тарихында «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста газет «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.