«Егемен Қазақстан» газетінің журналистерге арналған жатақханасы пайдалануға берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов пен Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов газеттің журналистері мен қызметкерлеріне жатақханадағы бөлмелерін кілтін табыс етті.

«Егемен Қазақстан» газетінің журналистерге арналған жатақханасы пайдалануға берілді

5 қабатты, 15 секциядан тұратын, қажетті жабдықтар мен жиһаздары түгел, жалпы аумағы 1 мың шаршы метрден асатын жатақхана ғимараты бір жылда салынған екен.

«Іштей күндердің бір күнінде, жылдардың бір жылында журналистер 100 пайыз баспаналы болатын күнге жетсек екен деп іштей армандаушы едім. Енді, міне, «Егемен Қазақстан» газетінде басында баспанасы жоқ журналист қалмады. Біз техникалық қызметкерлерді де жатақханамен қамтуға тырысамыз. «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығында 9 секциялы жатақхана пайдалануға берілген еді»,-дейді қызметкерлерін қоныс тойымен құттықтаған С.Абдрахманов.

Газеттің экономика бөлімінде жұмыс істейтін журналист Нұрбай Елмұратов бұған дейін қалаға 40-45 шақырым жерден қатынап, жұмыс істеген екен.

«Төрт балам бар. Астаналық болу оңай емес, енді толық елордалық болып жатырмыз. Осыған дейін 40-45 шақырым жерден келіп жұмыс істейтінмін. Енді осы жатақханада өсіп-өніп көбейеміз. Басшыларға көп рахмет. «Егемен Қазақстан» газетінің статусын білесіздер, кей кезде таңғы сағат 4-5-ке дейін көздің майын тауысып, жұмыс істейді. Бірақ, соның сыртында біздің де әлеуметтік жағдайымызды жасап отыр. Біздің алаңдамай шығармашылықпен айналысу үшін осындай жағдай тудырып отыр. Мереке қарсаңында қоныс тойын тойлаймыз»,- дейді Н.Елмұратов.

Жалпы, бүгін ашылған жатақханаға 15 адам жанұясымен және 3 қызметкер орналаспақ.