«Егемен» тойы - ел тойы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Желтоқсанның 24-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 24-і,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Ағымдағы жылы 90 жылдық торқалы тойын атап өтіп жатқан «Егемен Қазақстан» газетінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Іргесі сонау 1919 жылы желтоқсанның 17-інде қаланған ел газеті көзіқарақты оқырман арасында қазақ баспасөзінің қара шаңырағы деп құрметпен аталады. «Айқын» басылымының бейсенбілік басылымында аталған жайтқа орай «Ел газеті - «Егемен Қазақстан» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы газет қызметкерлеріне 5 пәтер бөлу жөнінде тиісті тапсырма бергенін хабарлаған. «Біздің біліуімізше, тоқсанға толған «Егеменге» Астана қаласы да өзіндік сый жасамақ деседі. Елордалық мәслихат еліміздің бас қаласындағы басылымның бас офисі орналасқан Ломоносов көшесін өзгертіп, оған «Егемен Қазақстан» деген ат беруді ойластырып жатқан көрінеді», деп жазады басылым.

90 жылдық мерейтойын тойлап жатқан басылым жайында «Астана ақшамы» газеті де «Егемен» тойы - ел тойы» деген тақырыппен мақала жариялаған. Жарияланымда Елбасының «Бүгінде «Егемен Қазақстан» нағыз елдіктің мінберіне айналды, өмірдің барлық саласын бірдей қамтитын әмбебап газет, сөзі салмақты, байламдары байыпты, шын мәніндегі бас басылым ретінде орнықты. Алдағы кезде де осылай бола беретініне сенімдімін» деген сөзі келтірілген.

«Үштік одақ: кеденнің жаңа тарифы ұтыс па, ұтылыс па?» Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақалада 2010 жылдан бастап Қазақстан, Ресей, Беларус елдерінің бірыңғай кедендік одаққа ұйысатыны айтылып, қазақ елінің ұтысы пен ұтылысы зерделенген. Басылымның егжей-тегжейлі талдауын бүгінгі нөмірінен толық оқи аласыздар.

«Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қарапайым құбылыс ретінде қарауға болмайды, өйткені республиканы Ұйым төрағалығына ұсыну арқылы оның мүшелері мәселелерді географиялық теңдік пен мүше мемлекеттер арасындағы әділдікті сақтай отырып шешуге талпынысын танытты», деп жазады «Айқын» басылымы өзінің бейсенбілік санында жарық көрген «Төрағалық туралы сөз немесе Қазақстанның көпбағытты сыртқы саясаты» атты мақаласында.

***

«Төрағалық Қазақстанға несімен тиімді?»  «Нұр Астана» басылымның жазуынша, жаһан жұртшылығы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасау мүмкіндігіне ие болуын алпауыт мемлекеттермен арадағы (АҚШ, Ресей) шебер стратегиялық ойындардың нәтижесі, өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланған Астананың үлкен дипломатиялық жетістігі деп бағалауда. «Қорыта келгенде, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанның саяси-экономикалық дамуына оң әсер ететіндігі басы ашық жайт. Ал әлемдік саясат үшін бұл Еуропаның  саяси салмағын арттыратын, Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынас жасауда жаңа белесті бағындыруға жол ашатын оқиға. Астана алып ұйымның тізгінін ұстаушы ретінде Орталық Азия мен кәрі құрлықтың арасында алтын көпір бола білгені жөн», деп жазады басылым.

«Нұр Астана» газетінде «Восточный» Байқоңырдың орнын басады» деген тақырыппен жарық көрген мақалада келер жылдан бастап Ресей Амур облысында ғарыш айлағын сала бастайтындығы жазылған. Құрылысы 5 жылға жоспарланған жаңа нысаннан 2015 жылдан бастап ғарыш аппараттары ұшырыла бастайтын көрінеді. Осыған орай басылым Байқоңырды жалға алған ресейліктерге жаңа ғарыш айлағы не үшін қажет, көрші ел неден қауіптенді деген сауалдарға жауап іздеген.

***

Ел ішіндегі тұрақтылық демократиялық мемлекеттің маңызды шарты болып табылатын ұлт бірлігін одан әрі қамтамасыз ету мәселесі Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІ сессиясында сөз болды. Алқалы жиын барысында айтылған жайттармен «Астана ақшамы» газетінің бейсенбілік нөмірінен егжей-тегжейлі таныса аласыздар. Мақала «Мемлекет тірегі - татулық пен тұрақтылық» деген тақырыппен басылған.

Келер жылы еліміздегі денсаулық сақтау саласында біраз жаңалықтар мен өзгерістер орын алып, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне көшеді. Осы жүйеге сәйкес науқас адамның емделетін мекемені өзі таңдап алуға құқы бар, сонымен қатар тегін медициналық кепілдендірілген көмек те көрсетіледі. «Астаналықтар үшін аталған жүйенің бұдан өзге де оңтайлы тұстары болып шықты», деп жазады «Астана ақшамы» басылымы. Мақалада айтылған оңтайлы тұстар туралы газеттің бейсенбілік санындағы «Денсаулық сақтау бірыңғай жүйеге түседі» деген жарияланымнан толық мағлұмат аласыз.

***

«Экономика» басылымының жазуынша, Ресей, Беларус және Қазақстан басшыларының Кедендік одақ құру туралы келісім-шарттарын аталған елдердің парламенттері қолдап, ратификациялаған. Үш ел аумағында ортақ кедендік тариф пен сыртқы экономикалық іс-әрекеттің ортақ тауарлық номенклатурасы алдағы жылдың басынан бастап күшіне енгізілмек көрінеді. Одан соң кезекте тұрған шаруа сыртқы экономикалық іс-әрекетке араласушыларға арналған рұқсат беруші құжаттар туралы мәліметтердің ортақ базасын жасау екен. Бұл жайында «Кедендік одақ ортақ тарифтен басталмақ» деген тақырыппен жарияланған мақалада жан-жақты баяндалған.

«Қытайға Қазақстан мұнайы қажет пе?». «Экономика» газетінің жазуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және саяси байланыстың күрт дамып келе жатқаны туралы пікір жақында жаңа бір серпінге ие болды. Бұған септігін тигізген көрші мемлекеттің басшысы Ху Цзиньтаоның елімізге жасаған кезекті сапары мен соның нәтижелері көрінеді. «Қытай - әрі Қазақстанмен шекаралас, әрі мұнайға зәру бірден-бір ірі экономикасы бар мемлекет. Бұл баяғыдан бері белгілі шындық болғанымен, екі елді жалғастыратын алғашқы мұнай құбырын салу нақты түрде тек 2004 жылдың қыркүйек айында ғана қолға алынды. Аталған жобаны жүзеге асыруға 806 млн. доллар көлемінде қаржы жұмсау көзделген болатын. 2005 жылдың аяғында осы «Атасу-Алашанькоу» құбыры іске қосылды. Ол арқылы жылына 10 млн. тонна мұнай тасымалдауға болады екен. Қытайдың қажеті үшін бұл көп пе, әлде аз ба?», деп жазады басылым.

«Экономика» басылымында жарық көрген келесі мақала «Көрші елдердегі инвестициялық жағдай қандай?!» деген тақырыппен берілген. Газет көрші қырғыз, өзбек және түрікмен елдерінің инвестициялық жағдайларына шолу жасап, оған өз пайымдауын берген.

«Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық торқалы тойы орыс тілінде жарық көретін басылымдардың, атап айтқанда «Казахстанская правда», «Экспресс-К», «Литер», «Известия-Казахстан» газеттерінің де назарынан тыс қалмаған.

«Экспресс-К» газетінің бейсенбілік нөмірінде кеше елорда тағы бір балабақшамен толыққандығы жазылған. «Қарлығаш» атауы берілген сол жағалаудағы мекемені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп ашты», деп хабарлайды басылым.  Президенттің Іс   басқармасының тапсырысымен салынған балабақша бірмезгілде 240 баланы қабылдай алады. Білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, ағылшын тілін меңгеру үшін арнайы сабақтар өтеді. Бұған қоса еліміздің педагогтарының авторлық инновациялық бағдарламалары, жаңа әдістемелер, сондай-ақ  ұлттық компоненттерді есепке ала отырып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу бойынша технологиялар енгізілмек. Астана қаласының тағы бір жаңа балабақшамен толыққанын «Казахстанская правда» басылым да жазған.

Соңғы жаңалықтар