Егемендігіміз бен аумақтық тұтастыққа қастандық жасатуға жол бермейміз - Президент

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біздің мемлекеттік егемендігімізге және аумақтық тұтастыққа қастандық жасатуға жол бермейміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялау кезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Егемендігіміз бен аумақтық тұтастыққа қастандық жасатуға жол бермейміз - Президент

«Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы. Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуыша, біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы.

«Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз.

Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді», - деді Президент Жолдауында.