Егер біз тілдің көсегесін көгертеміз десек, тіл туралы тек қана шындықты айтуымыз керек - А.Смайыл
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Егер біз тілдің көсегесін көгертеміз десек, тіл туралы тек қана шындықты айтуымыз керек. Бұл пікірді бүгін елорда әкімдігінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасын қоғамдық талқылауда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл білдірді.
«Мен соңғы жылдары қазақ тілінің көсегесі көгерді, мерейі үстем болды дегенге қосылмаймын. Себебі, көріп отырсыздар қай жерге барсаңыздар да қазір жиналыстардың барлығы негізінен орыс тілінде жүреді. Үкімет қазақша сөйлеген жоқ. Қалалық әкімдіктердің барлығы бірдей жиналыстарын қазақ тілінде өткізеді деп ешкім айта алмайды. Жалпы қазақ тіліне деген оң көзқарас халықтың өзінде бар, ал шенеуніктерде жоқ», деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар халық қалаулысы бұл бағдарламадан қазақ тілін ендігі 10 жылда бұрынғыдан да жедел дамытатын баптарды, тарауларды күткендігін атап өтіп, ондағы жаңалықтарға тоқталды. Оның атап өтуінше, бағдарламадағы қазақ тілін оқытудың бірыңғай стандарттын енгізу, мемлекеттік тілді балабақшадан, сондай-ақ мектептен ЖОО-ға дейін оқыту, мемлекеттік қызметкерлердің тілін сындыру сынды мәселелер жаңалық емес. Бұлардың барлығы да жүзеге асырыла бастаған және жүзеге асырылып жатқан шаралар.
Сөз орайында қазақ тілінің дамуына жан-тәнімен тілектес екендігін атап өткен А.Смайыл «бірақ тілектес болу бір нәрсе, шындықты айту екінші нәрсе. Егер осының барлығының басын ашып айтпайтын болсақ, дәл сол кемшіліктерді жоюдың нақты жолын мынау бағдарламадан таппайтын болсақ, біз тағы да 10 жылды бостан-босқа жоғалтамыз», деді.