Егер құрылыс компаниялары мемлекеттік бағдарламаларға қатыспаса, олар банкротқа ұшырайды - Қ.Келімбетов

АЛМАТЫ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Егер құрылыс компаниялары мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламаларға қатыспаса, олар банкротқа ұшырайды.
None
None
Бүгін Алматы әкімдігінде өткен отырыс барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қайрат Келімбетовтың айтуынша, саланың дағдарысқа ұшырауына құрылыс компанияларының өз тәуекелділігін бағалай алмауы себеп болған. «Сіздердің жеке жауапкершіліктеріңіз сол - тұрғындардан қаржы жинап, бірақ құрылысты тоқтатып қойдыңыздар, үлескерлерді, бүкіл мемлекетті жағымсыз жағдайға қалдырдыңыздар», деген Қ.Келімбетов саланы дағдарыстан шығару үшін бірнеше бағыт жасалғанын айтты. «Егер біз жасаған бірінші бағыт іске аспаса, екінші бағытпен жүреміз, ол жүзеге аспаса үшінші бағыт бар. Сіздердің үлескерлер алдында міндеттеріңіз бар, біз оны қашан орындайтындарыңызды тосып отыра алмаймыз. Біз сіздерді банкрот деп жариялап, бастаған нысандарыңызды алып, оны түбегейлі салып бітіреміз. Қиындықтан бірге шығудың жолын ойластырайық», деді «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ Басқарма төрағасы. Естеріңізге сала кетейік, Үкімет бұған дейін құрылыс компанияларына тұрғын үйді іске қосудың 3 бағытын ұсынған болатын. «Сіздер біздің тараптан ұсынылған мемлекеттік бағдарлама бойынша атқаратын жұмыстарыңызды нақты айтыңыздар. Егер ұсыныстарыңыз болмаса, банкрот болуға дайындалыңыздар. Біз үлескерлерге жауап береміз, олардың үйлерінің салынып бітуін Үкімет өз мойнына алды», деді ол.
Соңғы жаңалықтар