Егін егетін негізгі өңірлерде астық сақтайтын қоймалардың жетіспеушілігі 1,5-2 млн. тоннаға жетуі мүмкін - А. Мамытбеков
ТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Егін егетін негізгі өңірлерде астық сақтайтын қоймалардың жетіспеушілігі 2 млн. тоннаға жетуі мүмкін.
Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Қазіргі кезде егін орағы науқанында астық қабылдау кәсіпорындарындың дайындығы барынша атқарылып жатыр. Бүгінде лицензияланған 214 астық қабылдайтын кәсіпорындардың 197-сі сақадай сай тұр. Дайындық жұмыстарының аяқталуы кестесіне сәйкес тамыздың үшінші онкүндігінде барлық лицензияларды толығымен тапсыру жоспарланып отыр», - деді министр.
Ведомство басшысының пайымдауынша, астықтың биылғы жоғары шығымдылығын ескере отырып, егін егетін негізгі өңірлерде астық сақтайтын қоймалардың жетіспеушілігі 1,5-2 миллион тоннаны құрауы мүмкін. «Осыған байланысты мемлекеттік ресурстағы солтүстік өңірдегі астықты басқа аймақтардың элеваторларына көшіру мәселесін шешу керек», - деді А. Матытбеков. Осы орайда ол бұл мәселе бүгін мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылатынын атап өтті.