15:26, 29 Мамыр 2015 | GMT +5
Егін егу науқанының созылуы астықтың кеш пісіп-жетілуіне әкелуі мүмкін - Ауыл шаруашылығы вице-министрі С. Омаров
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мамыр айында жауған жауын-шашын көп жылдық орташа нормадан үш есеге асып отыр. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров мәлім етті.

«Жаңбырдың мол болуы, көктемнің ұзаққа созылуы солтүстік, орталық және батыс аймақтарда егін егуді оңтайлы мерзімде аяқтауды қиындатуда. Мамыр айында жауған жауын-шашын көп жылдық орташа нормадан үш есеге асып отыр»,-деді министрдің орынбасары.
Осы орайда ол егін егу науқанының созылуы дәнді және майлы дақылдардың кеш пісіп-жетілуіне, егін ору жұмыстарының күзгі жаңбыр кезеңіне сәйкес келуі мүмкін екенін атап өтті.
«Мұның салдарынан ылғал дәннің үлесі артуынан элеваторлар астықты уақтылы қабылдап, кептіріп, сондай-ақ өңдеуді тиісті деңгейде қамтамасыз ету алмауы ықтимал»,-деді С. Омаров.