Егін науқанына дизельдік отын нарық бағасынан 10 пайызға төмендетіліп жеткізілуде
АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Еліміздегі егін орағы науқанына қатысты шаруаларға дизельдік отын бағасы нарықтағыдан 10 пайызға дейін төмендетіліп жеткізілуде. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, жалпы науқан барысына барлық өңірлерге 410 мың тонна жанармай бөлінген. Бұның 200 мың тоннаға жуығы кәсіпорындарға үлестіріліп үлгерген. «Дизель отынының литрлік бағасы - 81 теңге. Бұл нарықтағы бағамен салыстырғанда шамамен 10 пайызға төмен көрсеткіш. Бұндай қолдау бизнесті қанағаттандырады, сонымен қатар, бұнда ешқандай да дүрлігу орын алып отырған жоқ», - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман.
Оның айтуынша, бірқатар өңірлер қуаңшылыққа байланысты дизельдік отынның қосымша мөлшерін арзандатып беруді сұраған. Бұл негізінен жемшөп әзірлеу жұмыстарына қатысты болып отыр. «Аталған мәселе бүгінгі таңда қаралу үстінде», - деді жауапты хатшы.