Егін орағы 90 пайыз алқапта аяқталды, астық өнімі 24 млн. тоннадан асып жығылады - Ауыл шаруашылығы министрі
ТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Облыс әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес қазіргі кезде еліміздегі астық өнімі 24 млн. тоннадан асып кетті. Оның ішіндегі бидай 20,2 млн. тоннаны құрап отыр. Осыған орай таза салмақтағы астық өнімі 22-23 млн. тонна деңгейінде болжануда.
Алдыңғы жылдармен салыстырғанда мұндай өнім көлемі рекордтық болып табылады. Бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді.
Министрдің сөзіне қарағанда, биылғы жылы еліміздің аграрлық саласында егіннің 1 гектардан түсетін шығымдық бөлігінде тәуелсіздіктен бері қарайғы рекордтық астық өнімі күтілуде. Мұндай өнім алуға ағымдағы жылы қалыптасқан қолайлы ауа райы септігін тигізген. «Бұдан бөлек Елбасының мақсатты аграрлық саясатына сәйкес тәуелсіздіктен бергі көптеген жылдар бойында саланы жүйелі түрде мемлекеттік қолдауда осындай рекордтық көрсеткішке жетелеп отыр. Өйткені, дәл биылғыдай ауа райының қолайлылығы бұдан бұрын да, мәселен 1999-2001 жылдары да болған. Алайда сол кездері ауыл шаруашылығында жақсы тұқым болмады, оңтайлы мерзімде егін сеуіп, жинауға мүмкіндік беретін өнімділігі жоғары техниканы, тыңайытқыштар мен гербициттер қолданудың бүгінгідей деңгейі де болған жоқ», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы көктемгі дала және егін орағы жұмыстарына бюджеттен және «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдарынан 94,4 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде 78 млрд. теңге бюджеттік несие болып табылады. Ал, тиімді сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетілген.
«Қазіргі таңда егін орағы 90 пайыз алқапта аяқталды. Астықтың орташа түсімділігі гектарына 16,5 центнерді құрауда. 1,6 млн. гектар дәнді-дақылдар оның ішінде 1,3 млн. гектар бидай алдағы уақытта жиналады», - деді А. Мамытбеков.