Егіндікөл ауданында балаларды балабақшамен қамтамасыз ету 98,2 пайыз шешілген - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. Қаз Ақпарат - Егіндікөл ауданының әкімі Нариман Төлепов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттер жөнінде жан-жақты баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімі әдеттегідей өз сөзін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы үлес салмағы зор ауыл шаруашылығы саласынан бастады. Өңірде осы салада өндірілген өнім көлемі өзге саламен салыстырғанда көш ілгері тұр.
«Егіндікөл ауданы негізінен ауыл шаруашылығымен, оның ішінде жоғары сапалы бидай өсірумен айналысады. Ауданның жер көлемі 543978 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы жері 518646 гектар немесе 86 пайызды құрайды. Ағымдағы жылы 324 мың гектар алқапқа егін егіліп, әр гектарынан 13 центнерден астық алынды. Сол себепті осы салада жалпы өнім көлемі 96,4 пайызға жетті», деді аудан әкімі өз сөзінде.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында 11 миллиард 690 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы жылы аудан диқандары егістік алқаптың әр гектарынан 13 центнерден өнім алып, барлығы 421 мың тонна астық жинады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама жоғары. Сонымен қатар, ауданда мал шаруашылығы саласында да ілгері басушылық бар. Өңірде етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта аудандағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен 2011 жылдан бері «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 384 ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 24 жылқы және «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 56 қой сатып алынған.
Сонымен қатар, аудан «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысуда. Мәселен, бір ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 117 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оған қоса, өнеркәсіп саласы мен шағын және орта бизнес те даму үстінде. Осы орайда, тоғыз айда инвестиция көлемі 2 миллиард 258 миллион теңгені құрады.
Аудандағы жаңалықтардың бірі - балабақша кезегінің жоқтығы. Нариман Төлеповтің сөзіне қарағанда, аудан халықы санының артуы бойынша облыста бесінші орында болғанына қарамастан мемлекеттік бағдарламаның арқасында 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету 98,2 пайыз шешілген.