Егіннен мол өнім алған аудандарға 50 млн теңгенің сертификаттары тапсырылды - СҚО
Астықты өңір биылғы жылды толағай табыстармен аяқтағалы отыр. 10 айдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 464 млрд теңгені құрады. Аграрлық салаға 61 млрд теңге инвестиция құйылды. 5,3 млн тонна бидай қамбаға салынды. Диқандар биыл әр гектардан орта есеппен 18,2 центнерден өнім алса, биылғы көрсеткіш - 19 центнер. Майлы дақылдардың алқабы ұлғайып, 1 млн га жетті. 1 млн тонна майлы дақыл жиналды.
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен СҚО-ның алдағы 3 жылдағы дамуының кешендік жоспары жасалды. Бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы саласының бірқатар мәселесін шешуге көмектеспек. Мәселен, білікті кадрларды тарту үшін елді мекендерде 3000 баспана салынады.
«Келесі жылы ауылды жерлерде 600 үй тұрғызамыз. Оған қажетті қаражат бюджетке жоспарланды. 2019 жылы тағы да 1000 баспана ауылдықтарға беріледі, ал 2021 жылы 1400 үйдің құрылысын аяқтаймыз. Осылайша біз Елбасының саясатымен елді мекен тұрғындарына жағдай жасаймыз. Ауылдан көшіп жатқандардың санын қысқартып, өндіріс көлемін арттырамыз. Сол себепті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерін тұрғын үй құрылысына белсенді қатысуға шақырамын. Мемлекет ол үйлерді сатып алады»,- деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір жетекшісінің айтуынша, кейбір шаруалар құнарлы жерді тиісінше пайдаланбай келеді. Нашар өнім алған диқандардың алқаптары жерде жұмыс істей білетін шаруаларға бөлініп берілмек.
«Бұл - сол жерде тұрып жатқан ауылдықтар үшін жасалады. Өйткені олар фермерге берген жерінен пайда көрулері керек. Ал, гектарынан 7-8 центнер өнім алатындарда қандай кіріс болуы мүмкін»,- дейді Құмар Ақсақалов.
Орақ науқанының нәтижесі бойынша әр гектардан орта есеппен 21 центнерден астық жинаған Аққайың ауданына облыс әкімі 10 млн теңгенің, гектарынан 23,4 центнер бидай алған Жамбыл ауданына 20 млн теңгенің сертификаттары табысталды. Ал, көш бастаған Қызылжар ауданына өңір басшысы 30 млн теңгенің сертификатын тапсырды.
Сондай-ақ салтанатты жиын барысында бірқатар ауыл еңбеккерлеріне адал еңбегі және кәсіби шеберлігі үшін медальдар мен грамоталар табыс етілді.