Египет Газа секторымен шекарадағы пунктті жапты
Израиль Египеттің Газа секторымен шекарадағы «Рафах» бақылау-өткізу пункті жабық екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
ВВС агенттігінің жазуынша, Израиль қорғаныс әскері Газа секторынан кетуді қалаған палестиналықтарға жасаған ұсынысын өзгертті. Бұған дейін Израиль әскері палестиналықтарға Египет бақылайтын жалғыз өту пункті арқылы кетуді ұсынған. Қазір бұл жер жабылған. Газа секторы мен Египет шекарасындағы «Рафах» бақылау-өткізу пункті аумағына әуеден соққы жасалғаны белгілі. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Газа секторындағы дәрі-дәрмек біткенін мәлім етті.
ХАМАС басып кіргелі ДДСҰ-ның 13 нысанына шабуыл жасалған.

Сенбі күні палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, ел соғыс жағдайына көшкеннен кейін бірқатар мемлекет азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырғанын еске сала кетейік.
Израиль әскерінің ресми өкілі дүйсенбі таңертең қазіргі уақытта барлық елдімекенді бақылап отырғанын, Израиль аумағында әскери іс-қимыл болып жатпағанын мәлім етті. Дегенмен ол Израиль аумағында әлі де Хамас әскері бар болуы мүмкін дейді.
Кеше ХАМАС Тель-Авивтегі әуежайға зымыран ұшырғаны белгілі болды. Сондай-ақ Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант Газаның толық оқшауланғанын мәлім етті. Ол жақта жарық, тамақ және отын жоқ.
Қазіргі уақытта Израиль әскері Газа секторындағы ХАМАС бекінісіне шабуылды жалғастырып жатыр. Әскерилер Палестина тұрғындарына Египетке қашуды ұсынды.
Араб мемлекеттері лигасы Газа секторындағы жағдайға байланысты 11 қазанда шұғыл жиын өткізетіні белгілі болды.