Египет негізгі заңға өзгерістер әзірлеуге кіріспек
АСТАНА. 21 шілде. ҚазАқпарат - Египетте ел конституциясына өзгерістер әзірлейтін комитет бүгін, жексенбіден бастап жұмысқа кіріспек,
деп хабарлайды «Азаттық».
Елдің уақытша президенті Адли Мансурдың шешімімен 20 шілде күні құрылған комитеттің жұмыс тобында 10 заңгер - төрт профессор мен алты судья бар. Комитетке өз ұсыныстарын әзірлеуге бір ай уақыт беріледі. Олар дайындап ұсынған жобаны кеңейтілген құрамдағы құқықтық комиссия екі айдың ішінде қарап, жетілдірген соң жобаның түпкілікті нұсқасы бойынша бүкілхалықтық референдум өткізілетін болады.
Египетте бұған дейін исламшыл билік тұсында әзірленіп, қабылданған конституцияның күші биыл 3 шілде күні Мұхаммед Мурси президент қызметінен шеттетілген соң тоқтатылған. Бұл конституцияны оппозиция мен құқық қорғаушылар ел азаматтарының бір бөлігінің құқығын шектейді деп сынаған еді.