Египет Сириямен және Б.Асад режимімен дипломатиялық қатынастарды тоқтатады
АСТАНА. 16 маусым. ҚазАқпарат - Египет Сириямен барлық дипломатиялық байланыстарды тоқтатады, деп хабарлады РосБизнесКонсалтинг.
Ел президенті Мұхаммед Мурси Каирде сүннит имамдар жиынында сөйлеген сөзінде осындай мәлімдеме жасады.
«Бүгін біз Сириямен және Башар Асадтың режимімен дипломатиялық байланыстарды толық тоқтатуға шешім қабылдадық», деді М.Мурси. Ол 2012 жылы жазда елді көп жыл билеген Хосни Мүбаракты тақтан тайдырған төңкерістен кейін Египет президенті лауазымына отырған болатын.
М.Мурсидің айтуынша, Каир сондай-ақ сириялық режим жағында ұрыстар жүргізуге қатысып отырған ливандық «Хезболлах» қозғалысын да қолдамайды. «Египет «Хезболлахтың» Сириядағы қимылына және оның сирия халқына қарсы агрессиясына да қарсы», деп атап өтті Египет президенті. Ол қозғалыс қатысушыларын елден кетуге шақырды.
Сириядағы билік пен оппозицияның әскери жанжалы 2011 жылдың наурызынан жалғасып келеді. Оппозиция Б.Асадтың отставкаға кетуін талап етіп, үкімет күштері бейбіт халыққа зомбылық жасап отыр деп айыптайды. Ресми Дамаск демократиялық ұрандарды желеу етіп, елде шетелдік радикалдық исламистер топтары қолдап отырған «қаруланған лаңкестер бандалары» әрекет етуде деген уәж айтады.
БҰҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша, Сириядағы қарулы қақтығыс басталғалы 93 мыңнан астам адам қазаға ұшыраған.