Египетте футбол матчындағы бүлікке қатысқан 75 адамға айып тағылды
АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Египеттің бас прокуратурасы Порт-Саид қаласында ақпанда өткен футбол матчындағы бүлікке қатысқан 75 адамға айып тағып отыр.
Лента-ру агенттігінің хабарлауынша, оларға кісі өлтірді немесе немқұрайдылыққа бой алдырды деген айып тағылған.
Кінә тағылғандардың 9-ы полиция қызметкерлері, олардың арасында Порт-Саид қаласы қауіпсіздігінің бұрынғы басшысы да бар. Сондай-ақ жергілікті «Әл-Масри» футбол клубының 3 ойыншысы мен 2 кәмелетке толмаған жасөспірім бар.
Олардың тұтқынға алынғаны немесе алынбағандығы әзірше белгісіз. Дегенмен бұған дейін де орын алған оқиғаға байланысты 47 адамның тұтқындалғандығы хабарланған болатын. Ал олардың кінә тағылғандар арасында бар не жоқ екендігі нақтыланып отырған жоқ.
Естеріңізе сала кетейік, 1 ақпан күні Мысырдың Порт-Саид қаласында өткен жергілікті «Әл Масри» мен каирлық «Әл Ахли» командаларының арасындағы футбол матчы қайғылы оқиғаға ұласты. Мысырдағы ұлттық біріншіліктің бас фавориті саналатын «Әл Ахлиді» алаң иелері 3-1 есебімен жеңсе де, бұзақылар футбол алаңына жүгіріп шығып, матчтың берекесін кетірді. Қырық мыңнан асатын жанкүйерлер Каирлық клубтың жанкүйерлерін жазым етіп, нәтижесінде 74 адам мерт болды. Сонымен қатар, тәртіпсіздік кезінде 178 адам ауыр жарақат алса, жапа шеккендердің жалпы есебі 1400-ге жеткен.