Египетте спорттық бағдарламалаудан әлем чемпионатында қазақстандық студент алтын жеңіп алды

Студент
Фото: ICPC World Finals

АСТАНА. KAZINFORM – Египетте спорттық бағдарламалаудан 2022 және 2023 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңдері аяқталды. 2023 жылғы финалда Harbor Space University командасының (Барселона, Испания) құрамында қатысқан қазақстандық Батыр Сардарбеков алтын медаль жеңіп алды.

«Батырдың командасы турнир бойы көш бастап, жеңімпаздар қатарында мәреге жетті. Қазақстандық спорттық бағдарламашылар ICPC жарыстарына 20 жыл бойы қатысып. Осы жолы қазақстандық команда алғаш рет алтын медальға қол жеткізді. Батыр Сардарбековтың жеңісі Қазақстанда осы зияткерлік спорт түрін дамытуға үлкен серпін береді», - делінген хабарламада.

Өткен жылғы финалда біздің елден 4 команда бақ сынады: Astana IT University (Астана қ.), Қазақстан-Британ техникалық университеті (Алматы қ.), Назарбаев Университет (Астана қ.), Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (Алматы қ.). Тартысты сайыста олар Сингапур Ұлттық университетімен және Мельбурн Университетімен бірге 54 командадан оқ бойы озық болған еді. 

жарыс
Фото: ICPC World Finals

Аймақтық іріктеуден, квалификация кезеңдерінен өтіп, ең беделді ICPC World Finals бағдарламалаудан командалық олимпиаданың финалистері қатарына ену — қазақстандық командалардың тамаша жетістігі, бәсекелестік жоғары болғаны сонша, финалға шығу үлкен жетістік болып саналады. Команда құрамына планетаның ең үздік студент-бағдарламашылары, жаһандық IT-саланың болашақ жұлдыздары ғана кіре алады.

Жарыс
Фото: ICPC World Finals

Жыл сайын Қазақстан атынан қатысушылар саны артып келеді, бұл жолы олардың саны рекорд жасап, басқа елдердің көрсеткіштерінен асып түсті. Спорттық бағдарламалауды дамыту — Қазақстанның жаңа, білікті және сұранысқа ие IT мамандарын өсіріп-жетілдіру бағытында жасаған қадамы.

Египет
Фото: ICPC World Finals

ICPC World Finals 2024 спорттық бағдарламалаудан әлем чемпионатын өткізетін келесі ел Қазақстан болады. Чемпионаттың финалы қыркүйек айында Астанада өтеді.

Соңғы жаңалықтар