Егін науқанына ерте дайындық: шаруалар 1 қазанда несиеге өтінім бере алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан шаруалары 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаржыны 1 қазаннан бастап рәсімдей алады. Ерте қаржыландыру техника, жанар-жағармай, тыңайтқыш пен өсімдіктерді қорғау құралдарын маусым басталмай тұрып сатып алуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, 2012 жылдағыдай табиғи-климаттық жағдайлар болғанда еліміз бойынша орташа өнімділік 9 центнер деңгейінде болған. Ал биылғы қуаңшылықта бұл көрсеткіш 14,7 центнерге жеткен.
– Бұған әсер еткен негізгі факторлардың бірі – мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген қаржыландыру деп есептейміз. Биыл шаруаларға 1 триллион теңгеден астам жеңілдетілген несие берілді. Бұл – субсидия емес, қайтарымды несие. Шаруалар осы 1 триллион теңгені 15 ай ішінде мемлекетке қайтарады. Жыл сайын бұл қаражат көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға алдын ала беріледі, – деді Назгүл Хатепова Үкіметте өткен брифингте.
Енді 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдер 1 қазаннан бастап қабылданады. Ерте қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті техника, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын алдын ала және төмен бағамен сатып ала алады.
– Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында шаруалардың агротехнологияларды сақтау деңгейі де артқанын көріп отырмыз. Мысалы, бұрын жылына 600-700 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 2,1 млн тоннаға жетті. Жалпы жылдық енгізу нормасы – 3,2 млн тонна. Яғни 2028 жылға дейін осы көрсеткішке толық жетуді жоспарлап отырмыз. Тұқым сапасы да жақсарды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы тұқым көлеміндегі элиталық тұқымдардың үлесі 11,6% құрады. Агротехнологияларды сақтау деңгейінің артуы нәтижесінде соңғы үш жылда орташа өнімділіктің тұрақты өсіп келе жатқанын көріп отырмыз, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Бұған дейін Назгүл Хатепова Қазақстанда өндірілген көкөністер қалай сақталатынын айтып берген еді.
Сондай-ақ елде еттің күрт қымбаттауына негіз жоқ.