Егін орағы: Павлодардың егіс алқаптарындағы астықтың өнімділігі былтырғыдан үш есе жоғары

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінің диқандары үшін биылғы күз берекелі болып тұр. Қыркүйектің жаңбырлы күндері жиі айналып соққанына қарамастан, егіс алқаптарындағы орақ жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Гектар басынан жиналып жатқан дәнді дақылдардың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жуық көп.

89,1 пайызы жиналды: Ақмола облысында екі-үш күнде егін орағы аяталады
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімовтің дерегінше, биыл облыстағы егіс алқаптарының жалпы аумағы 1 млн 406,2 мың гектар болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 165,5 мың гектарға көп.

«Астықты дәнді дақылдар жалпы егістің 928,5 мың гектарын алып жатыр. Майлы дақылдар 374,4 мың гектар, картоп -24,8 мың, мал азығы – 70,8 мың гектар, көкөніс және бақша дақылдары – 7,8 мың гектар. Дақыл түрлерінің қайсысы болмасын, аумағы жағынан көп. Әсіресе, майлы дақылдардың көлемі бірден 47 пайызға артып отыр. Облыс бойынша қазіргі уақытта астықтың өнімділігі гектар басына 11,7 центнерден айналады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 есе артық. Былтырғы құрғақшылықта кеткен есені диқандар биылғы науқанда қайтарады деген сенімдеміз», - дейді басқарма өкілі.

Қазіргі уақытта шаруалар егіс алқаптарындағы астықты және бұршақты дәнді дақылдардың 312,2 мың гектарын немесе 33,6 пайызын орып үлгерген. Картоп гектарынан 317 центнерден жиналып, рекордтық көрсеткішке жақындап келеді. Қазірдің өзінде картоп өсірушілер 282,6 мың тонна түйнекті жинап, қаптауға кірісті.

Жергілікті картоптың көбі суарылатын болғандықтан ұзақ сақтауға тиімсіз, егіс даласынан бірден ірі жеткізушілер алып кетеді. Ал Ертістің топырағына әбден жерсінген, қыста сақтауға жарайтын тұқымдары кептіріліп, қоймаларға жөнелтіледі. Сәбіз, қырыққабат, пияз сияқты көкөніс түрлері де қоймаларда қыс бойы сақталып, облыстық тұрақтандыру қоры арқылы аудан-қалалардағы әлеуметтік дүкендерге жыл бойы сұранысқа сай босатылып тұрады. Ал негізінде Павлодар облысы өңір тұрғындарының сұрасынан 10 есе көп картоп өсіреді.

Еске сала кетейік, елімізде жиын-терім аяқталуға жақын.

Соңғы жаңалықтар