eGov GPT және eGov Business: мемлекеттік қызмет көрсету саласына ЖИ-ді енгізу қалай жүзеге асып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтер бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Ол QazTech, жаңартылған eGov 3.0 порталы, eGov GPT, eGov Business тәрізді платформалар жөнінде мағлұмат берді.
Жаслан Мәдиевтің сөзінше, қазір мемлекеттік органдар қызметін QazTech платформасына көшіруге айрықша мән беріліп отыр. Үкімет бұл бағыттағы екі жылдық жоспарын бекітті.
— Бұл ретте: жүйелердің қайталануы жойылады, ескірген жүйелерді пайдалану тоқтатылады. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған. Оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Жоспардан тыс тағы 25 жүйе бойынша көшіру және әзірлену жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 10 ақпараттық жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп тұр, яғни жұмыс жоспардан озық қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бүгінде барлық мемлекеттік орган QazTech платформасымен жұмыс істейді, — деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы QazTech-тен тыс жаңа жүйелер құруға мораторий енгізу бойынша Жарлыққа қол қойды. Бұл талаптың сақталуы цифрландыруға арналған бюджеттік өтінімдерді сараптау кезінде тексеріледі.
Сонымен қатар, аталған платформа қазірдің өзінде тиімділігін дәлелдеп отыр. QazTech платформасына көшкеннен кейін, цифрлық сервистер жұмысында ешқандай бөгелу не келеңсіздік болған жоқ. Министр нақты мысал да келтірді. Жыл сайын ашылатын бірінші сыныпқа қабылдау қызметінде түрлі ақаулар тіркелетін. Бұрынғы инфрақұрылым жүктемені көтере алмай, іске қосылған алғашқы күні-ақ істен шығатын. Мұндай жағдай төрт жыл қатарынан қоғамда теріс резонанс туғызды.
— Биыл Оқу-ағарту министрлігі және Қазақтелекоммен бірлесіп, қызмет QazTech платформасында қайта жинақталды. Екінші ай қатарынан бірде-бір ақаусыз жұмыс істеп тұр. 365 мыңнан астам өтінім сәтті өңделді, — деді министр.
Жаңартылған eGov 3.0 порталы іске қосылды
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі QazTech платформасында әзірленген заманауи eGov 3.0 порталы іске қосылғанын да мәлімдеді.
Оның сөзінше, аталған портал мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыруға, артық талаптарды болдырмауға және инфрақұрылымға жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.
— eGov порталы да өзінің технологиялық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп келді. Осыған байланысты жақында QazTech платформасында әзірленген заманауи eGov 3.0 порталы іске қосылды. Қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы форматта жинақталды. Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді, — деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен бірге, порталда кері байланыс тетігі енгізілді. Онда әрбір пайдаланушы қызметтерді одан сайын ыңғайлы қылу жөнінде өз ұсынысын жеткізе алады.
— Барлық қазақстандықты белсенді қатысуға шақырамыз. Үздік ұсыныстар порталды одан әрі жаңғырту барысында ескеріледі. Жұмыс әрі қарай жалғасады, — деп үндеу жасады министр.
eGov GPT-дің артықшылығы қандай
Жуырда іске қосылған eGov GPT-дің тиімділігі мәселесі де Жаслан Мәдиевтің назарынан тыс қалған жоқ. Оның сөзінше, интеллектуалды цифрлық ассистент eGov GPT сәуір айында енгізілді. Бұл — мемлекеттік қызметті алудың тағы бір қарапайым әрі ыңғайлы тәсілі.
— Бұрын азамат қай мемлекеттік органға жүгіну керектігін, қандай өтініш толтыру қажет екенін және қандай құжаттарды жинау керектігін өзі анықтайтын. Енді өзінің өмірлік жағдайын қысқаша сипаттаса жеткілікті. Мысалы: «маған тұрғылықты жер бойынша тіркелу керек» немесе «биыл балам бірінші сыныпқа барады». eGov GPT қажетті қызметті өзі анықтап, азаматтың атынан өтінішті дайындайды және қызметті нәтижесіне дейін жеткізеді, — деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен бірге, бүгінде eGov GPT-де жалпы трафиктің шамамен 30%-ын қамтитын 50 қызмет қолжетімді. Оларға сұраныс өте жоғары. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
— Азаматтар eGov GPT мүмкіндіктерін 150 мыңнан астам рет қолданып үлгерді. Ол мемлекет пен азаматтар арасындағы барлық мәселе бойынша әмбебап AI-ассистентке айналуы тиіс. Сондықтан орталық мемлекеттік органдар азаматтар мен бизнеске арналған ведомстволық AI-агенттерді eGov GPT-мен байланыста әзірлеу қажет, — деді министр.
Одан бөлек, жақын арада eGov GPT ұлттық Aitu мессенджерінде да қолжетімді болады. Жаслан Мәдиевтің мәлімдеуінше, қызметтер санын көбейту ғана емес, оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету де маңызды.
Осыған байланысты биылғы маусым айынан бастап заңнамалық деңгейде eGov пен Aitu мемлекеттік маңызды сервистеріне тарифсіз қол жеткізуге жағдай жасалды. Демек, ұялы телефон балансында қаражат болмаса да, әрбір азамат маңызды мемлекеттік және әлеуметтік сервистерді пайдалана алады.
eGov Business платформасы кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік береді
eGov Business платформасы да жаңартылып, іске қосылды. Онда кәсіпкерлерге арналған қызметтер, сервистер және мемлекеттік қолдау шаралары цифрлық форматта шоғырланып жатыр. Статистика нәтижені анық көрсетіп отыр. Биыл жаңартылған қосымша 135 мың рет жүктелді, ал оны ай сайын 35 мың кәсіпкер тұрақты пайдаланады.
Сонымен бірге, eGov Business кәсіпкерлерге бизнестің бүкіл үдерісінде қолдау көрсетеді. Бизнесті тіркеу, шот ашу, лицензиялар алу, дамыту, компания құрылымына өзгерістер енгізу — барлығы бір қосымшада. Мәселен, бұған дейін жеке кәсіпкерлікті (ИП) жабудың нақты әрі түсінікті рәсімінің болмауы өзекте мәселе болатын. Бұл процесс цифрлық форматқа көшпеген еді. Енді ол eGov Business-те қолжетімді.
— Ал осы айдың басында қосымша арқылы бизнестегі үлесті сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі пайда болды. Биыл ақпан айында eGov Business-ті одан әрі дамытудың кешенді жоспарын бекіттік. Біз мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіреміз. Тәуекелге бағдарланған сервистерді, бизнестің цифрлық картасын, сондай-ақ кәсіпкерлерге арналған жер, мүлік және басқа да сервистерді дамытамыз, — деді Жаслан Мәдиев.
Оның мәлімдеуінше, жақын арада кәсіпкерлер банкке бармай-ақ, корпоративтік Visa банк картасын тікелей eGov Business қосымшасы арқылы рәсімдеп, оны бірден Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay жүйелеріне қоса алады. Картаның деректемелері қосымшада қолжетімді болады. Қауіпсіздікке де жете мән берілген. Олай дейтініміз — платформа жеке деректерді сақтамайды және көрмейді — бұл үшін банк пен Visa жауап береді.
— Қыркүйек айында eGov Business-те Smart Contract сервисі іске қосылады. Онда шарттарды, мәмілелерді, оның ішінде мердігерлермен жасалатын шарттарды цифрлық қолтаңба арқылы қол қойып, толығымен электрондық форматта рәсімдеуге болады. Қағазсыз және делдалдарсыз, — деді министр.
Алайда ол бірқатар келеңсіз жайт бар екенін де атап өтті. Цифрландыруға қарамастан, кәсіпкерлер әлі де ұзақ процесстерге тап болып келеді. Жаслан Мәдиевтің сөзінше, бизнесті бастау мен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті кей тетік монополистердің қолында. Олар жер учаскелерін бөлу, инженерлік желілерге қосылуға рұқсат және техникалық шарттар беру сияқты процестерге тікелей қатысады.
— Дәл осы жерде өтінімдерді қарау мерзімдері жүйелі түрде бұзылып отыр. Норматив бойынша келісу рәсімдеріне небәрі 5 жұмыс күні беріледі. Ал іс жүзінде 3 мың өтінім 3 айдан астам уақыт бойы монополистерде «тоқтап қалған». Антилидерлер қатарында — «Алматы Су», «Павлодарэнерго», «QazaqGaz Aimaq» өңірлік құрылымдары. Монополистердің көбі цифрлық форматқа көшуге асықпауда. Бұл жұмыс тек Астанада, Жетісу және Алматы облыстарында ғана тиісті деңгейде жолға қойылған. Ұлттық экономика министрлігінің үйлестіруімен басқа өңірлер де осы тәжірибені қолға алуы тиіс, — деді Жаслан Мәдиев.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың ауқымды жоспарын іске асырып жатқанын жазғанбыз.