«eGov қызметкерімін» деген алаяқтар халықты несие рәсімдеуге көндіріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда алаяқтар өздерін eGov қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсіліне көшті. Кейінгі бір айда осындай 30-ға жуық жағдай тіркелген.
Бас прокуратураның хабарлауынша, әдетте алаяқтар азаматтарға олардың атына электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімделгенін немесе басқа да заңсыз әрекеттер жасалғанын айтып қоңырау шалады.
Одан кейін әңгімеге олардың сыбайластары қосылып, заңсыз несие рәсімдеудің алдын алу үшін ақшаны өздері көрсеткен шотқа аударуды ұсынады.
— Мұндай жағдайдың бірі Таразда болған. Әйелге бейтаныс адам қоңырау шалып, өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған және оның атына ЭЦҚ шығарылғанын айтқан. Кейін WhatsApp арқылы басқа адамдар хабарласып, оның атына жеті банктен несие рәсімделгенін жеткізген. Алаяқтардың сөзіне сенген әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам ақша аударған. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Бас прокуратураның мәліметінше, интернет-алаяқтық фактілерінің саны 14,8% азайып, 17,2 мыңнан 14,6 мыңға дейін төмендеген. Алайда қылмыскерлер азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануын жалғастырып отыр.
Ведомство мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейтінін еске салды.
Сондай-ақ азаматтарға бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталары мен ЭЦҚ деректерін бермеуге және бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша ақша аудармауға кеңес берілді.
Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, мемлекеттік органға немесе банкке ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласу қажет.
Еске салайық, бұған дейін Астанада азаматтардың дербес деректері мен банк қаражатын иемденуге бағытталған ауқымды фишингтік схема әшкереленгенін хабарлағанбыз. Қылмыстық топ төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне шамамен 150 мың жалған SMS-хабарлама жіберген.