eGov-та отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятор пайда болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар eGov порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы отбасының әл-ауқат деңгейін алдын ала бағалап, қай санатқа жатуы мүмкін екенін біле алады. Бұл мәлімет кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды алу құқығын анықтауға көмектеседі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаев айтып берді.
Вице-министрдің айтуынша, онлайн-калькулятор техникалық сынақтан өткен. Оны 16-17 қазанда eGov порталы мен мобильді қосымшада іске қосу жоспарланған.
Жаңа сервис арқылы азаматтар отбасы құрамы мен табысына қатысты мәліметтерді өздері енгізіп, әл-ауқат санаты бойынша алдын ала бағалау нәтижесін ала алады.
— Калькуляторды бүгін-ертең eGov арқылы жариялаймыз. Әлеуметтік желілерде тараған калькуляторлардың ешқайсысы шынайы мәліметке негізделмеген. Келесі аптадан бастап халыққа хабарлама жіберуді жоспарлап отырмыз. Қазір сынақ аясында шамамен 200 хабарлама жолданды, — деді Бақтияр Жазықпаев.
Хабарламаларда мемлекеттік жәрдемақылар тағайындаудың жаңа тәртібі түсіндіріледі. Бұл өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Атап айтқанда, азаматтарға әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж адамдарға бағытталу қағидаттары және төлемдерден өз еркімен бас тарту мүмкіндігі туралы ақпарат беріледі.
Мұндай хабарламаларда отбасының әл-ауқат санатына жатқызылғаны туралы ресми шешім болмайды. Калькулятордың нәтижесі алдын ала бағалау үшін қолданылады.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын онлайн-калькулятор арқылы өз отбасын тексеріп көрді. Нәтижесінде оның отбасы В санатына жатқызылды.
В санаты — экономикалық тұрғыдан тұрақты, жеткілікті деңгейдегі отбасылар. Бұл категорияға 14 түрлі жәрдемақы беру тоқтатылады.
Еске сала кетсек, енді ер адам декретке шықса да, жәрдемақы әйелге беріледі.
Баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа шыққан аналардың жәрдемақысы сақталады.